
Күн сайын Қазақстанда 100-ден астам адам «обыр» (рак) диагнозын естіп, 36 адам осы дерттен көз жұмады. Бұл — жай ғана статистика емес, біреудің анасы, әкесі, бауыры, әпкесі не досы.
2023 жылы елімізде 37 038 онкологиялық ауру анықталып, 12 958 адам көз жұмған. Бұл – тек бір жылдың ішінде, тек онкологиядан қайтыс болғандар саны. Қарап отырсаңыз, шағын бір ауылдың халық санына тең.
ҚР ПІБ МО ауруханасындағы Ядролық медицина орталығының бас онкологі Назар Сейдалин аурудың дамуына қандай факторлар әсер етуі мүмкін екенін және обырдың алдын алу үшін не істеуге болатынын түсіндіріп берді.
Оның айтуынша, қауіп факторы «басқарылатын» және «басқаруға келмейтін» болып екі топқа бөлінеді.
«Генетика мен экология — біз ықпал ете алмайтын жағдайлар. Бірақ басқаруға болатын қауіп факторлары да бар. Ең алдымен, бұл — мінез-құлық факторлары. Қазіргі деректер бойынша, жұқпалы емес созылмалы аурулардың, соның ішінде онкологияның да 75%-нің себебі – осы фактор. Олардың қатарына темекі шегу, ішімдік ішу, семіздік және физикалық белсенділіктің төмендігі жатады. Мен бұл қатарға адамның психологиялық жай-күйін де қосар едім, өйткені дәл осы жағдай оның өмір салтын қалыптастырады», — дейді дәрігер.
Назар Сейдалиннің пікірінше, көп нәрсе біздің ойлау қабілетіміз бен психикалық күйімізге байланысты.
«Біздің әдеттеріміз – біздің өміріміз. Егер адам позитив ойлап, өмірін жақсы өткізуге тырысса ол саналы түрде дені сау өмір салтын таңдайды: тамақтануына мән береді, спортпен шұғылданады, күйзеліспен конструктивті түрде күресе алады. Ал егер адам үнемі негатив, үрей немесе ішкі қақтығыс жағдайында өмір сүрсе, ерте ме, кеш пе, тамақ, алкоголь, темекі немесе басқа да заттардан жұбаныш іздей бастайды. Психика іштегі «бос кеңістікті» толтырғысы келеді, бірақ мәселені шешу арқылы емес, зиян келтіретін жолдармен толтырады. Осылайша, денсаулыққа қауіпті гипертониядан бастап обырға дейін аурулар туындайды», — дейді онколог.
Денсаулығына мән бермейтін, ағзаның белгілеріне құлақ аспайтын адам тексерілуге де бармайды. Үнемі «уақытым жоқ», «кейін барамын», «қазір емес» сынды сылтау тауып алады. Бұл бәрі тым кеш болғанға дейін жалғаса береді. Одан кейін — шок, қорқыныш, үрей және қымбат әрі ауыр ем күтіп тұрады.
Біз ауруды таңдамаймыз. Бірақ денсаулығымызға немқұрайлы қарамау — біздің таңдауымыз. Ауруды күтіп отырмаңыз. Ең қарапайым нәрсе - тексеруден өтіңіз.