«Қазақстан Республикасы Президентінiң Іс Басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы» РМК ШЖҚ Қазақстанның елордасы Алматы қаласынан көшуіне байланысты 1997 жылғы 29 желтоқсанда Астана қаласында ашылған.
Аурухана 2015 жылғы наурыздан бастап жаңа ғимаратта орналасты және Медициналық орталыққа тіркелген мемлекеттік қызметшілерге және азаматтардың жекелеген санаттарына; Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік тапсырысы бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде Қазақстан Республикасының азаматтарына; резиденттерге де, шетел азаматтарына да ақылы және шарттық негізде медициналық көмек көрсетуге арналған заманауи көп бейінді емдеу мекемесі болып табылады.
Аурухана амбулаториялық-емханалық, оның ішінде консультациялық-диагностикалық, стационарлық, стационарды алмастыратын, жедел медициналық көмек, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту қызметтерін көрсетеді.
Аурухананың емдеу-диагностикалық бөлімшелері заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған, барлық дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлері жұмысқа орналасу кезінде біліктілік талаптары бойынша қатаң іріктеуден өтеді. Аурухана штатында медицина ғылымдарының докторлары мен кандидаттары, PhD докторлары, біліктілік санаты жоғары және бірінші дәрежелі дәрігерлер қызмет атқарады. Мамандар жақын және алыс шетелдердің жетекші клиникаларында оқып, біліктіліктерін арттырып отырады.
Аурухананың негізгі қызметі - көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету жолында инновациялық жобалар мен технологияларды енгізу және табысты іске асыру, операциялық емшараларды оңтайландыру және емдеу процесін жаңғыртуға бағытталған. Қазіргі уақытта Ауруханада жасалатын операциялардың 90%-дан астамы эндоскопиялық технологияларды қолдану арқылы жүргізіледі. Диагностикалық алгоритмдер мен емдеу схемалары дәлелді медицина қағидаттарына негізделген.
Емханада онкологиялық патологиясы бар науқастарды ерте анықтау және уақтылы емдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта Назарбаев Университеті және ғылыми зерттеулер саласындағы Ұлттық биотехнологиялар орталығымен тығыз жұмыс жүргізуде. Аурухана ғылыми қызметті жүзеге асыратын субъект ретінде аккредиттеу туралы куәлік алды.
2018 жылдан бастап дербестендірілген геномдық диагностика зертханасы табысты жұмыс істеуде, оның базасында әртүрлі ауруларға генетикалық бейімділікті айқындау, дәрілік заттарға сезімталдықты анықтау және таргеттік терапияны таңдау, тұқым қуалайтын ауруларды болжау, гендік деңгейде онкологиялық ауруларды диагностикалау бойынша NGS-технологияларды қолдана отырып, жоғары технологиялық молекулалық-генетикалық зерттеулер жүргізу практикаға енгізілді.
2018 жылғы қазанда Аурухана базасында Қазақстандық халықаралық референстік және роботтандырылған хирургия оқу орталығы ашылды. Ауруханада орнатылған роботтандырылған жүйесі урология, гинекология және жалпы хирургияда лапароскопиялық робот-ассисттелген операцияларды жүргізуге мүмкіндік береді.
Елімізде алғаш рет эндоскопиялық тіректер және роботтандырылған оқу жүйесі, заманауи аспаптардың қажетті жинақтары және тігуге арналған материалдармен жабдықталған операциялық үстелдерде in vivo хирургиялық манипуляциялар жүргізу дағдыларын пысықтауға арналған зертхана ашылды.
Диагностикадағы инновациялық тәсілдердің бірі ядролық медицинаны дамыту болып табылады. Аурухананың Ядролық медицина орталығында циклотронды радиоактивті изотоптарды синтездеу, радийфармпрепараттарды синтездеу, компьютерлік томографиямен (ПЭТ/КТ) біріктірілген позитронды эмиссиялық томография және компьютерлік томографиямен (БФЭКТ/КТ) біріктірілген бір фотонды эмиссиялық компьютерлік томография жүргізу бойынша кәсіби дайындалған кадрлар жұмыс істейді.
ПЭТ / КТ патологиялық процестің дамуының алғашқы кезеңдерінде әртүрлі органдар мен тіндерде пайда болатын функциялық және морфологиялық өзгерістерді анықтауға, оның негізінде диагностиканы жүзеге асыруға, тиісті емді негіздеуге және уақтылы тағайындауға мүмкіндік береді. Онкологиялық тәжірибеде ПЭТ/КТ көмегімен бүкіл денені зерттеу барысында кез келген тұста шоғырланған ошақтағы ісік пен метастаздарды анықтауға болады.
БФЭКТ / КТ (гамма-камера) – заманауи радионуклидтік диагностиканың негізгі құралы. Гамма-камералар онкологиялық, жүрек-тамыр және адамның басқа да ауруларын ерте диагностикалау үшін пациенттің денесінің ішкі мүшелері мен физиологиялық жүйелеріндегі радийфармпрепараттардың кинетикасын визуализациялауға және зерттеуге арналған.
2021 жылдан бастап заманауи халықаралық стандарттарға сәйкес жобаланған, CHECK-UP диагностикасының жаңа бөлімшесі жұмыс істейді, ол қысқа мерзімде CHECK-UP диагностиканың барлық кезеңдерін бір бөлімшеде өтуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Ауруханада нейрохирургия және эпилепсияны емдеу, гибридті жүрек-қантамыр хирургиясы, медициналық оңалту (кардио-оңалту, нейро-оңалту, жарақаттан кейін оңалту), эндоскопия, МРТ және КТ диагностикасы, шағын инвазиялық хирургия және т.б. сияқты бағыттар белсенді дамуда.
Аурухана 2019 жылғы 13 сәуірде JCI медициналық қызметтің сапасы мен қауіпсіздігінің халықаралық стандарттарына сәйкестігіне аккредиттеуден, 2022 жылы қайта аккредиттеуден; 2021 жылғы 30 қарашада ұлттық аккредиттеуден өтті.
Жылдан жылға Аурухана клиникалық көрсеткіштер бойынша да, менеджмент көрсеткіштері бойынша да Қазақстан Республикасының стационарларық қызметінің рейтингтік бағалау тізімінде жетекші орын алады.
Миссиясы
Денсаулықты сақтау мен нығайту үшін ортақ жауапкершілік негізінде профилактиканың, диагностиканың, емдеу мен оңалтудың озық әдістерін қолданып, медициналық қызмет көрсетуді үздіксіз жетілдіре отырып, халық денсаулығының жоғары деңгейіне қол жеткізу.
Пайымдауы
Халықаралық сапа стандарттары және госпитальдық сервиске негізделген медициналық клиникалық практикада озық жетістіктер мен инновацияларды қолдана отырып, клиниканың, ғылым мен білімнің үш тұғырлылық қағидаттарын ықпалдастыра, медициналық қызметтердің толық циклін ұсынатын көпбейінді ұлттық ғылыми-клиникалық өндірістік кластер.
ҚР ПІБ МОА құндылықтары мен әдептік қағидаттары
- Ұйымның тұрақтылығы – басшылық ұжыммен бірге ұйымның пайымы мен миссиясын дәйекті түрде жүзеге асырады.
- Зияткерлік әлеует – білім мен шеберлік деңгейін үздіксіз арттыра отырып, құзыретті мамандарды тарту; бұл үшін барлық мүмкіндіктер жасалып, шешу жолдары анықталған.
- Тұтастық – жарияланған қағидаттар мен жоғары стандарттарды сақтау, пациенттермен қарым-қатынаста да, ұйым ұжымы ішінде де жоғары сенім мен әдептілік деңгейін көрсету.
- Қанағаттанған және адал пациент – ұйымның миссиясы диагноз дұрыс қойылып, дұрыс емдеу тағайындалғанда және пациенттің қажеттіліктерін қанағаттандыратын ізгі ниетті қарым-қатынас қамтамасыз етілген кезде ғана орындалады.
- Икемділік және біліммен бөлісуге дайын болу – оқуға дайын болу, біліктілікті арттыру курстары мен шеберлік сыныптарында, менторлықта, конференцияларда алған білімі мен тәжірибесін бөлісу және жалпы табысты арттыру.
- Ашықтық – жеке және ұжымдық қарым-қатынастарда адалдық пен әдептілік қағидаттарын сақтау.
- Кәсібилік – тұрақты даму және үздіксіз оқу негізінде пациент пен ұйым ұжымының игілігі үшін жоғары нәтижеге қол жеткізуге өзінің барлық озық білімін, мүмкіндіктері мен тәжірибесін бағыттау.
«Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы» ШЖҚ РМК дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған стратегиялық бағыттары:
1. Медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейлерінде сапалы және тиімді медициналық қызметтер мен сервистерді ұсыну.
2. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету.
3. Өндірістік үдерістерді басқару жүйесін жетілдіру, кадрлық әлеует пен корпоративтік құндылықтарды нығайту және дамыту.
4. Инновациялық және ғылыми білім беру қызметін дамыту.