Несеп қышқылы (НҚ) азотты қосылыстардың (пуриндер) химиялық ыдырауы нәтижесінде қанда түзіліп, кейін несеппен бүйрек арқылы шығады.
Қандағы НҚ қалыпты мөлшері(ARCHITECT c 8000 б/x анализаторы үшін) |
|
ерлер үшін |
әйелдер үшін |
0,21–0,42 ммоль/л |
0,15–0,35 ммоль/л |
Қандағы НҚ мөлшері ұлғайғанда осы заттың тұздары (ураттар) буындар мен тіндерде жиналады, бұл подаграның дамуын және бүйрек тастарының пайда болуы қаупін арттырады.
Подагра – бір немесе бірнеше буында НҚ кристалдарының жиналуынан болатын артрит түрі. Ауру көбінесе 40 жастан асқан ер адамдарда, ал әйелдерде, әдетте, менопауза кезінде дамиды.
Симптомдары. Әдетте бас саусақтың буыны зақымданады, тізе буыны, тобық және білек буындары да ауыруы мүмкін. Зақымданған буын қызарып, ауырады және ұстағанда ыстық болады.
Қауіп факторлары.
- дұрыс тамақтанбау (пуриндерге бай тағамдарды – ет, ет субөнімдері, ақсерке (лосось), сардина, майшабақ, спаржа, саңырауқұлақ, бұршақ дақылдарын көп мөлшерде тұтыну).
- аз қозғалатын өмір салты
- артық салмақ
- жоғары холестерин
- алкогольді артық тұтыну
- кейбір препараттарды жиі қолдану (диуретик, ниацин, аспирин, циклоспорин, кейбір обырға қарсы препараттар, пиразинамид және этамбутол).
- артериялық гипертензия
- қантты диабет
- буын жарақаттары
- тұқым қуалайтын бейімділік
Подаграның профилактикасы. Профилактиканың ең маңызды құралы - ақуыз, жануар майы және тұз шектелген толық калориялы ДИЕТА.
1. Суды көбірек ішу (күніне кемінде 1,5 - 2 л, ұйықтар алдында 1 стакан су).
2. Рационнан алып тастау: майлы, қуырылған ет, әсіресе жас жануардың еті (балапан, бұзау еті), майлы балық, қою сорпалар, субөнімдер (бауыр, бүйрек, тіл, ми, өкпе) шошқа майы, консервілер, бұршақ дақылдары, алкоголь, қою шай және кофе.
3. Шектеу қажет: саңырауқұлақ, қызанақ, салат, қымыздық, шпинат, рауғаш, түсті қырыққабат, тарна, шалғам, таңқурай, інжір, шоколад, шай, кофе, какао.
4. Рұқсат етіледі: қайнатып пісірілген ет, тауық немесе балық 100 -150 г/т. аптасына 2-3 реттен артық емес, жұмыртқа (күніне 1-2 дана, аптасына 2-3 рет), майсыз сүт өнімдері, жеміс-жидек, көкөністер (жоғарыда жазылғаннан және консервіленгендерден басқа), жарма, сілтілі минералды су, шырындар.
5. Аптасына 1-2 күн жеңіл тамақтану: сүзбе, айран немесе жеміс қана тұтыну.
Есіңізде болсын! Төмен пуринді диета ұстау қандағы несеп қышқылының деңгейін едәуір төмендетуге көмектеседі. Дәрілік терапияны емдеуші дәрігер ғана тағайындайды.