Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметтері бойынша әлем халқының шамамен 30% аллергиядан зардап шегеді, ал отыз жылдан кейін бұл аурудан зардап шегетіндердің саны анағұрлым өсуі мүмкін.
Бұл жаппай аурудың негізгі себебі – өркениеттің дамуына байланысты иммундық жүйенің дисбалансы, табиғатқа араласу, ауаның ластануы, тұрмыстық химия, консерванттар, әртүрлі вирустық инфекциялар, паразиттер және дәрі-дәрмектерді ұтымсыз қолдану.
Гүлді өсімдіктерден туындаған маусымдық аллергия/поллиноз кезеңдері:
- Алғашқы кезеңі – көктемде, сәуір айының аяғында әр түрлі ағаш түрлері – қандыағаш, қайың және басқа да ерте бүр жаратын өсімдіктер гүлдеген кезде басталады.
- Екінші кезеңі – мамырдан маусымға дейін созылады, терек, шалғындық шөптер және көгалдар тозаңды таратады.
- Үшінші кезең – шілденің ортасынан басталып, қыркүйекке дейін созылады, бұл арамшөптердің гүлдену кезеңі – жусан, алабота және т.б.
Негізгі симптомдары:
- мұрын қышуы,
- түшкіру,
- мұрыннан сұйық және түссіз шығындылар (ринорея),
- жас ағу,
- жөтел және өкпедегі сырыл,
- тыныс алудың қиындауы
Маңызды! Өсімдіктердің гүлдену кезеңіне дейін мамандарға жүгіну және ем қабылдау - аллергиялық реакцияларды жеңілдетеді
Тітіркендіргіштердің әсерін азайту үшін профилактикалық шаралар:
- орынжайдағы тозаң концентрациясын бақылау (жабық терезелер мен есіктер, кондиционер, ылғалдандырғыш мен ауа тазартқыш, су шаңсорғышы)
- ыстық желді ауа райында далаға шықпауға тырысу,
- аллергендік тағамдарды тұтынбау,
- газдалған сусындар мен фастфудтан бас тарту,
- спецификалық емес тітіркендіргіштердің (лактар, бояулар, химиялық заттар) әсерін шектеу
- таңертең ерте уақытта дене белсенділігімен айналыспау, тозаң әсіресе қарқынды бөлінген кезде (таңғы 5-тен 10-ға дейін),
- ең қарқынды гүлдену кезеңінде демалысқа шығып, гүлдену аяқталған аймақтарға бару
- үстіңізге тозаң қонуынан күдіктенсеңіз, душ қабылдап, шашыңызды сусабынмен жуыңыз, қолыңызды жақсылап жуып, көзіңізді жылы сумен шайыңыз.
- үйді күнделікті ылғалды тазалау
- гүлдену кезеңінде алкоголь тұтынудан бас тартыңыз, өйткені бұл мұрын тыныс алу жолдары қантамырларының ісінуіне әсер етеді.
Микроскопиялық саңырауқұлақтарға аллергияңыз болса:
- күзде және көктемде бақшада, саяжайда жұмыс істемеңіз (шіріген шөп – микро саңырауқұлақтың көзі)
- ашытқы қамыр, сыра, квас, шампан тұтынуды шектеңіз
- егер көлікте кондиционер болса, оны қосқаннан кейін 5 минуттан кейін ғана көлікке отырыңыз (жүйеден саңырауқұлақ споралары шығуы мүмкін)
- терінің, тырнақтың, шаштың саңырауқұлақтан болған ауруларын емдетіңіз
- үйде бөлме өсімдіктерін өсірмеңіз, құмыраларда өсетін шегіргүл мен герань гүлдерінен аулақ болыңыз, өйткені олардың айналасында саңырауқұлақтар жиі «өмір сүреді».
- үйіңізге, кеңселерге аквариум қоймаңыз
- поллинозды өсімдік шикізатынан жасалған препараттармен (қайнатпалар, шөп тұнбалары, кейбір гомеопатиялық препараттар) емдеуге болмайды.
Негізгі қағида - өз бетімен емделмей, бұл ауруды жеңуге көмектесетін білікті дәрігерге жүгіну.