Президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгін ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының негізінде ашылған Қазақстандағы роботталған хирургияның халықаралық референс және оқу орталығымен танысты.
Посткеңестік кеңістікте алғаш рет әлемдік медициналық практикадағы жаңа бағыт – робот көмегімен жасалатын хирургияны дамытудың барлық мүмкіндіктерін өзіне үйлестіретін жоба құрылды: бұл практикалық медицина, мамандарды дайындау және олардың біліктілігін арттыру, клиникалық сынақтар мен ғылыми әзірлемелер. Роботталған хирургия орталығы Қазақстанның медициналық ғылымын жаңа серпінді деңгейге шығарады.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар басқа да мемлекеттердің медицинасындағы жаңа бағытты кешенді дамытуға мүмкіндік беретін ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының бірегей клиникалық бөлімшелерін көрсетті.
- Бұл жақсы бастама халқымыздың игілігіне бағытталған. Медицинаға роботты енгізу мамандардың біліктілігін арттыруға ықпал етеді. Мұндай орталықты ашу отандық денсаулық сақтау ісінде маңызы зор оқиға. Бұл көптеген адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті Мемлекет Басшысы.
Орталық қазіргі заманғы медицинаның маңызды мәселелерінің бірін шешеді: ол сырт елдерге шықпай, жұмыс орнында роботталған хирургиямен жұмыс істейтін кадрларды дайындауға жол ашады. Президенттік клиникада шеберлік кластардың толық циклын қазақстандық хирургтерге ғана емес, сондай-ақ Ресей Федерациясынан, Орта Азия елдерінен келетін әріптестерге де өткізетін болады.
Робот арқылы операция жасау – урология, гинекология және жалпы хирургияда хирургиялық жолмен емдеудің заманауи, анағұрлым тиімді әдісі. Дәрігер-гинеколог Гүлбарам Башарова жаңа технологияның көмегімен Ауруханада операция жасаған алғашқы хирург. Ол "Мен бұл жағдайды, әрине қалыпты деп бағаладым, операцияны хирург ер адамдармен бірдей тең жасаймын. Роботпен жұмыс анағұрлым жеңіл әрі ыңғайлы, оған қоса жүктеме де көп емес. Әдетте операция жасау кезінде тұрып тұратындықтан, лапароскопия барысында буындарға салмақ түсетіні сезілсе, мына жағдайда буынға күш түспейді. Біз 3D форматта жұмыс істейміз, яғни камера ағзаларды дәл көруге мүмкіндік береді" – деп өз ойын білдірді.
Лапароскопиялық хирургия басымдығын (ішкі ағзаларға операцияны пациент денесіндегі кішкентай тесіктер арқылы жасайды) сақтап жасалатын робот-ассисттелген хирургияның көптеген артықшылықтары бар. Олар: операция аумағын үш есе, бақылау және операция жасалатын ағзаларды бірнеше есе ұлғайту; хирург қолының дірілін толық жою; үлкен кесіктерді болдырмау және пациенттің тезірек қалыпқа келуі; инфекция жұқтыру қаупінің азаюы немесе қанның көп кетпеуі; пациенттің стационарда болуын қысқарту; операциядан кейін ауырсыну сезімінің болмауы.
"Аппаратты ұстап, манипулятормен тінді бірден түрте алмаймын, себебі аппарат сол мезетте іске қосылады да, одан әрі қимыл жасатпайды. Бұл технология пациентке шалыс әрекет жасаудан сақтайды және пациентке қауіпсіз болады", - дейді Президенттік клиниканың дәрігер-урологі Павел Шолох.
Роботтың механикалық қолдарына орнатылған хирургиялық аспап маманның қозғалысты кеңінен, жоғары дәлдікпен жасауына мүмкіндік береді. Манипуляторлардың бірі үш еселі камерамен жабдықталған, ол жоғары нақтылықпен операция жасайтын аумақтың бейнесін толық көрсетеді. Хирургтің әр манипуляцияны бақылай отырып, роботтың әрбір қимылын басқаруы аса маңызды.
Роботталған хирургия, әсіресе, онкологиялық операциялардың сапасын жақсартатындықтан, пациенттерге қосымша тексерулердің және химиотерапияны жасаудың қажеттігі болмайды.
Жаңа роботталған технологияны әлемде алғашқылардың бірі болып пайдалануды атақты уролог-доктор Давид Самади бастады. Америкалық мәртебелі хирург жеті мыңнан астам операция жасады, қазір Transenterix компаниясының Senhance жаңа жүйесін Аурухана дәрігерлеріне меңгеруге көмектесіп, консультация беруде.
"Қазақстанда мен өмірімдегі тамаша тәжірибелерді жинақтап жатырмын. Президенттік клиниканың докторлары – өз ісінің шеберлері, кәсіби мамандар деп санаймын. Ауруханаға бұған дейін келгенде операция жасалған пациенттерді қарадық, олардың барлығы дән риза: «көп рахмет», «жақсы», «денсаулық мықты» деген сөздерді айтты, олар бақытты. Қазақстанның медицинадағы әлеуеті өте зор. Роботталған медицинада 20 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан мендей хирург үшін осында болу, біздің команданың бір бөлігі болып, шын пейілімен жұмыс істегісі келетін адамдармен қоян-қолтық араласу, инновацияны алға жылжыту мен үшін айрықша тәжірибе", - деп атап өтті доктор Дэвид Самади.
Роботталған хирургия көмегімен операция жасайтын дәрігерлер Италияда – өндіруші компания кеңсесінде тағылымдамадан сәтті өтті, ал Қазақстандағы роботталған хирургияның халықаралық референс және оқу орталығы Тұңғыш Президент қорының қолдауымен құрылды.