ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасында жұмысқа жаңадан қабылданған қызметкерлерге арналған тәлімгерлік жүйесі аясында кезекті кездесу өтті. Кездесу барысында қатысушыларға аурухананың қызмет бағыттары мен құрылымы таныстырылып, жұмыс тәртібі, негізгі қағидаттары және жаңа қызметкерлерді бейімдеу үдерісі туралы айтылды.
Шарада 2026 жылдың сәуір-мамыр айларында сынақ мерзімінен өткен қызметкерлердің жұмыс нәтижелері де сараланды. Жаңадан қабылданған мамандар бейімделу барысындағы тәжірибесімен және алғашқы жұмыс нәтижелерімен бөлісіп, сынақ мерзімінде туындаған өзекті мәселелерді талқылады.
Тәлімгерлік жүйесі жас мамандарға білікті әріптестерінің көмегіне сүйеніп, жаңа ортаға тез сіңіп кетуге, сондай-ақ аурухананың жұмыс ырғағы мен ішкі талаптарын еркін меңгеруге жол ашады. Бұдан бөлек, мұндай жүздесулер қызметкерлер мен тәлімгерлердің еркін пікір алмасып, өзара тығыз байланыс орнатуына септігін тигізеді.
Кездесу соңында Адами ресурстарды басқару бөлімінің өкілдері кадр мәселелері бойынша ақпарат берді.
Осындай кездесулерді тұрақты өткізу жұмысқа жаңадан қабылданған қызметкерлердің жүйелі түрде бейімделуіне және ауруханада кәсіби сабақтастық жүйесін нығайтуға мүмкіндік береді.