ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасында тәлімгерлік жүйесін жетілдіруге және жұмысқа жаңадан қабылданған қызметкерлердің ұжымға сәтті бейімделуіне арналған кездесу өтті.
Бас тәлімгер Сәуле Кисикова жаңа қызметкерлерге аурухананың қызметі, корпоративтік мәдениеті, негізгі құндылықтары мен ішкі тәртіп қағидалары туралы таныстырды. Сондай-ақ жұмысқа жаңадан қабылданған мамандарға арналған бейімдеу бағдарламасының маңыздылығына тоқталды. 2026 жылдың мамыр-шілде айлары аралығында аталған бағдарлама аясында медицина қызметкерлері қатарындағы 60 жаңа маман бейімдеуден өтті.
Директордың емхана жөніндегі орынбасары Жазира Тұңғышбаева медициналық этика мен деонтология қағидаларын сақтаудың маңыздылығына тоқталып, пациентке, әріптеске және өз мамандығына құрметпен қарау сапалы медициналық көмектің басты кепілі екенін атап өтті.
Кездесу барысында тәлімгерлер жаңа қызметкерлерді жұмысқа бейімдеу тәжірибесімен бөліссе, сынақ мерзімінен сәтті өткен мамандар әріптестерінің қолдауы жаңа ортаға тез үйренісуге, өзіне деген сенімді нығайтуға және ұжымның толыққанды мүшесі ретінде қалыптасуға үлкен ықпал еткенін жеткізді.
Кездесу барысында кадр қызметінің өкілі тәлімгерлік жүйесінің жаңа қызметкерлердің жұмысқа бейімделуі мен кәсіби қалыптасуындағы маңызына тоқталды. Сондай-ақ оның өзара қолдау, тәжірибе сабақтастығы және командалық жұмысты нығайтуға ықпал ететіні айтылды.