ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасында тәлімгерлік институтын дамыту және жұмысқа жаңадан қабылданған қызметкерлердің еңбек ұжымына бейімделуіне қолдау көрсетуге арналған кезекті кездесу өтті.
Шара барысында Аурухананың бас тәлімгері Сәуле Кисикова жаңадан қабылданған қызметкерлерге мекеменің қызметі, еңбек мәдениеті және жұмыс қағидаттары туралы таныстырылым өткізді. Сондай-ақ жаңа мамандар Аурухананың негізгі қызмет бағыттарымен, ұжым қалыптастырған құндылықтармен және ішкі жұмыс тәртібімен танысты.
Тәлімгерлік – мекемедегі кадрлық жұмыстың маңызды бағыттарының бірі. Ол жаңа қызметкерлердің жұмыс ортасына тез бейімделуіне, кәсіби талаптарды меңгеруіне, ұжыммен етене араласып, өз міндеттерін сенімді атқаруына ықпал етеді.
Бұл үдерісте II санаттағы тәлімгерлердің орны ерекше. Олар өз тәжірибесімен бөлісіп қана қоймай, жас мамандардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына, жауапкершілік сезімінің нығаюына және мекеменің ұстанымдары мен құндылықтарын бойына сіңіруіне бағыт-бағдар берді.
Осы бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы ғимараттар мен құрылыстарды ағымдағы жөндеу қызметінің меңгерушісі Бағдат Мұқашев және жылумен, салқын сумен жабдықтау, жылыту, желдету және ауа баптау қызметінің меңгерушісі Ғалымжан Нұртазаев баяндады.
Кездесу барысында сынақ мерзімінен сәтті өткен қызметкерлер сөз сөйлеп, жұмысқа бейімделу кезеңінде алған әсерлерімен бөлісті. Олар кәсіби тұрғыдан қалыптасуда және ұжымға тез сіңісуде тәлімгерлердің қолдауы мен бағыт-бағдарының айрықша маңызға ие болғанын атап өтті.
Кездесуді Адами ресурстарды басқару бөлімінің басшысы қорытындылап, тәлімгерлік институтын одан әрі дамыту кәсіби тәжірибенің сабақтастығын сақтауға, еңбек мәдениетін нығайтуға және білікті әрі ауызбіршілігі жарасқан ұжым қалыптастыруға ықпал ететін тиімді тетіктердің бірі екенін атап өтті.