ҚР ПІБ Медициналық орталық ауруханасының Ядролық медицина орталығында циклотронды өндірістің бесінші радиофармпрепаратын шығару жолға қойылып, ПЭТ/КТ зерттеу жүргізу іске қосылды.
Қазақстанда бұл препарат алғаш рет синтезделгенін атап өткен жөн, оны жүзеге асыруға әзірлік жұмыстары 6 айға созылды.
Жасуша пролиферациясын көрсететін биомаркер саналатын препарат қатерлі ісік түрлерін, соның ішінде қан қатерлі ісігін (лимфома және лейкемия), сүт безі қатерлі ісігі, лимфома, бас пен мойын, өңеш және өкпе ісіктерін, сүйек пен жұмсақ тіндердің саркомаларын және басқаларын диагностикалауға қолданылады.
Фтортимидин (18F-FLT) құрамында ісік жасушасының ДНҚ-сына еніп, қатерлі ісік процесін, соның ішінде ауруды ерте сатысында қатесіз көретін ақуыз субстанция бар. Ол сондай-ақ, хирургиялық емнен кейін объективті баға беруге де қолданылады.
Жаңа препарат жасушаның бөлінуін бақылау арқылы мамандарға ісіктің белсенділігін бағалау үшін жасушалардың метаболикалық белсенділігі туралы нақты мәлімет алуға мүмкіндік береді. Әсіресе, ол осыған дейінгі радиофармацевтикалық препараттармен саралау қиынға соғатын ісіктерді бағалауға пайдасын тигізеді.
«18F-FLT препараты арқылы ПЭТ/КТ зерттеу жасау диагностика мен терапияның жаңа перспективаларын ашады. Ол қатерлі зақымдарды анықтауды оңай әрі қолжетімді етеді, әр пациентті емдеуде жеке тәсіл мен ем түрлерін қолдануға мүмкіндік береді. Препарат диагностиканың тиімділігін жаңа деңгейге көтеретініне сенімдіміз, - дейді Медорталық ауруханасы Ядролық медицина орталығының жетекшісі, медицина докторы Айгүл Сәдуақасова.
Онкологияда 18F-FLT радиофармацевтикалық препаратымен жасалған ПЭТ/КТ зерттеулер емнің тиімділігін бағалауға, қайта асқынған дертті анықтауға қолданылады.