ҚР ПІБ МО ауруханасының ұйымдастыруымен «Дәрілік терапияның сапасы мен қауіпсіздігі: әлемдік трендтер және стандарттар» халықаралық Конгресі өтті.
Ресей, Албания, Польша, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен 500-ге жауық маман онлайн, 2843 маман офлайн қатысқан Конгресте дәрілік терапияның сапасы мен қауіпсіздігі жан-жақты талқыланды.
Екі күнге созылған халықаралық жиынның ашылу салтанатында ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой сөз алып, іс-шараның маңызына тоқталып өтті. Сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бейнежазба жолдап, дәрілік терапия қауіпсіздігінің медицинадағы рөлін атап өтті. ДДҰ өкілі – Қазақстандағы ДДҰ елдік кеңсесінің басшысы Skender Syla да тақырыпқа сай өзінің мәлімдемесін жасады. Сонымен қатар жиын барасында ҚР ПІБ МО ауруханасының директоры Рустам Албаев, ҚР ПІБ МО ауруханасы директорының емдік жұмыс жөніндегі орынбасары Раушан Қарабаева, «Клиникалық фармакологтер мен фармацевтердің кәсіби қауымдастығы» РҚБ президенті Раиса Көзденбаева, сондай-ақ MD, PhD, FRCPath, «Назарбаев Университеті» ДББҰ Медицина мектебінің деканы – Медицина жөніндегі Вице-президент Массимо Пиньятелли, профессор, РФ ДСМ РМҮКБА ректоры, Фармакогенетика, фармакокинетика және дербестендірілген терапия қоғамының президенті Дмитрий Сычев және өзге де білікті сарапшылар сөз сөйледі.
ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен өткен Конгресс барысында қазақстандық және шетелдік гастроэнтеролог, кардиолог, ревматолог, невролог, нефролог, терапевт, пульмонолог, клиникалық фармаколог және жалпы тәжірибелік дәрігерлер 6 секцияға бөлініп, келесі тақырыптардағы зерттеулерін таныстырды: Антибиотикпен емдеудің заманауи жағдайы, антибиотикке резистенттілік, перспективалар; Гемостазға əсер ететін препараттарды қауіпсіз қолдану қағидаттары; Респираторлық медицинадағы дəрілік терапияның заманауи тəсілдері: қауіпсіздікке назар аудару; Полиморбидтілік жəне полипрагмазия қаупі кардиологиядағы рационалды фармакотерапияның маңызды компоненттері ретінде; Дəрілік аллергия – дербес тəсіл уақыты; Аутоиммунды аурулары бар коморбидті пациенттерді емдеуде дəрілік терапия қауіпсіздігінің аспектілері.
Конгрестің екінші күні «Госпитальдық фармация көпбейінді стационардағы дәрілік терапия қауіпсіздігінің элементі ретінде» тақырыбындағы симпозиум, дөңгелек үстел, шеберлік сыныптарымен жалғасын тапты.
Сондай-ақ Конгресс аясында терапиялық қызмет пен клиникалық фармакологиядағы соңғы әзірлемелер мен жетістіктердің медициналық көрмесі ұйымдастырылды.