Бөлімше туралы
№1 хирургиялық бөлімше (оториноларингология және көз микрохирургиясы) ҚР ПІБ МОА хирургиялық қызметінің құрамдас бөліктерінің бірі және екі қызметті қамтиды: оториноларингология және көз микрохирургиясы. Бөлімше МОА жаңа ғимаратындағы А1 блогының алтыншы қабатында орналасқан. 25 төсек-орны бар, оның 16-сы ЛОР, 9-ы көз микрохирургиясына арналған. Бөлімше жаңа жабдықтармен, заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Дәрігерлер тобы оториноларингологтардан, офтальмологтардан құралған. Көрсетілетін қызметтер тізбесі барлық дерлік оториноларингологиялық және офтальмологиялық бағыттарды қамтиды. Операциялар республикалық квота есебінен және ақылы негізде жасалады.
Бөлімше қызметтері
Біздің бөлімшенің ЛОР мамандары республика халқы үшін өзекті ЛОР проблемаларын диагностикалаумен, операциялық және консервативті емдеумен айналысады. Операциялық зал медициналық техниканың соңғы үлгілерімен жабдықталған, олардың құрамында «Carl Zeiss» фирмасының операциялық микроскопы, «Carl Storz» фирмасының эндоскопиялық видеожүйесі мен навигациялық жүйесі, «Deca» фирмасының операциялық лазері бар. Мұның бәрі ЛОР ағзаларына аз инвазивті, жоғары тиімді және ең бастысы пациенттер үшін қауіпсіз бірегей операциялар жасауға мүмкіндік береді.
Біздің бөлімше мынадай негізгі клиникалық бағыттарды қамтиды:
Ринохирургия
- FESS – мұрынның қосалқы қуыстарының (гаймор, маңдай, торлы және негізгі қуыстар) функциялық эндоскопиялық хирургиясы. Операция үрдісін экранда үнемі бақылауға мүмкіндік беретін әр түрлі 00, 300, 450, 900, 1200 шолу бұрыштары бар қатты эндоскоптарды және HD мониторы бар бейнетағандарды, сондай-ақ микродибридерді (шейвер) қолдану арқылы жүргізіледі. Операцияның артықшылығы – аз инвазивтілік, жоғары тиімділік болып табылады, бұл пациенттердің тез қалпына келулеріне көмектеседі. Жіті және созылмалы қабыну, бөгде денелер, киста және мұрынның қосалқы қуыстарының мукоцелесі, полипозды синуситтер, мұрыннан қан кетуінің қайталануы мұндай операцияларға көрсетілімдер болып табылады.
- Септопластика – клиникалық түрде тыныс алудың бұзылуымен сипатталатын мұрын далдасының деформациясын түзетуге бағытталған операция. Біздің бөлімшеде септопластиканы орындау кезінде эндоскопиялық бақылау қолданылады, бұл мұрын далдасының деформацияға қатысы жоқ бөліктерін барынша сақтай отырып, септопластиканың перфорация сияқты салдарларын азайтады.
- Турбинопластика – мұрынның көлемі ұлғайған немесе полипозды өзгерген төменгі қалқандарының пішінін түзету мақсатындағы операция. Ол радиожиілікті пышақпен жасалды, мұрын қуысының сілемейлі қабығына әсер етпейді.
Отохирургия
- Ортаңғы құлақ қуыстарына есту қабілетін жақсартату және есту қабілетін сақтау мақсатында жасалатын операциялар (I, II, III, IV және V типті тимпанопластика, стапедопластика, оссикулопластика, антромастоидэктомия). «Carl Zeiss» компаниясының заманауи операциялық микроскопын пайдалану құлақ пердесінің өте жіңішке құрылымдарында дәл манипуляция жасауға мүмкіндік береді
- Жұтқыншақ және көмей хирургиясы
- Кеңірдектің қатерсіз өспелері кезінде операциялық ларингоскоптарды, микроскоптарды және микроқұралдарды қолдана отырып жасалатын көмей микрохирургиясы
- Дауыс желбезектерінің екі жақты парездері, көмейдің қатерсіз ісіктері үшін операциялық лазер қолданылатын көмей микрохирургиясы
- Апноэ және қорыл кезінде жұтқыншақ пен көмейді қалпына келтіру
- «Суық» құралдардың, коблатордың («суық плазма») көмегімен классикалық тонзиллоэктомия. Коблаторды, «суық кесу» әсері бар құралды пайдалану қан кетуді азайтуға мүмкіндік береді және операциядан кейінгі қалпына келу кезеңін қысқартады
- Шейвердің көмегімен аденотомия.
Аауруханасының офтальмологиялық қызметінде бірінші және жоғары санатты 10 дәрігер бар, басшысы – медицина ғылымдарының докторы Мадина Маратқызы Құрманғалиева. Қызмет құрамына хирургиялық бөлімшенің тәуліктік стационарының 6 төсек-орны, күндізгі стационардың 5 төсек-орны және емханалық буынның 3 блогындағы (профилактикалық, консультациялық-диагностикалық және ақылы бөлімшелер) офтальмологтар кабинеттері кіреді.
Диагностиканың жоғары деңгейі офтальмологтардың заманауи үлгідегі тонометрлерден, компьютерлік периметрлерден, рефрактометрлерден бастап оптикалық когерентті томографтарға, ультрадыбыстық және лазерлік биометрлерге дейінгі жабдықтардағы кәсіби жұмысымен қамтамасыз етіледі.
Офтальмологиялық операциялар негізінен катаракта және глаукома хирургиясына бағытталған. Катаракта хирургиясы қазіргі офтальмологиядағы «алтын стандарт» болып табылатын факоэмульсификация әдісімен жасалады, еліміздің және шетелдің жетекші клиникаларында оқудан өткен III хирургиялық бөлімшенің дәрігерлері Мадина Маратқызы Құрманғалиева, Мадина Мұхаметбекқызы Мәмбетова және Әлия Тілеуліқызы Жалмағамбетова осы әдісті тиімді қолдануға дағдыланған. Операциялар ең заманауи жабдықтарда – Инфинити микрохирургиялық жүйесінде, жетекші әлемдік өндірушілердің «жұмсақ» интраокулярлық линзалары мен шығын материалдарын пайдалана отырып Lumera микроскопында орындалады. Офтальмологиялық операция бөлмесі операциялардың эпидемиологиялық қауіпсіздігіне кепілдік беретін ламинарлы желдету ағындарымен жабдықталғанын ерекше атап өткен жөн. Офтальмохирургияны көпбейінді клиникаға орналастыру ілеспе жалпы аурулар болған жағдайда науқастарға қосымша тексерулер мен консультациялар жүргізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта катарактаны емдеу біздің аурухананың базасында тек стационар жағдайында ғана емес, сонымен қатар қалалық емханалар дәрігерлерінің жолдамасы бойынша амбулаториялық негізде де қолжетімді.
Клиникада глаукоманы диагностикалау мен емдеуге ерекше мән беріледі. Бұл үшін бізде мол мүмкіндік бар. Пахиметрияны, Паскаль тонометриясын, компьютерлік тонометрияны және т.б. қолдана отырып, пациентті қазіргі деңгейде глаукомаға тексеру экономикалық дамыған елдердегі емделмейтін соқырлық пен нашар көрудің негізгі себептерінің бірі болып табылатын осы жасырын аурудың ерте диагностикасын жүргізуге мүмкіндік береді.
Глаукома анықталған кезде офтальмолог мақсатты көзішілік қысымға жету үшін гипертензияға қарсы тамшыларды таңдайды. Ал олар тиімсіз болған жағдайда лазерлік және микрохирургиялық гипотензивті операциялар жасалады.
Көздің қантамырлық патологиясына шалдыққан науқастарды емдеудің жаңа бағыты – көру үшін жауап беретін торқабықтың макулярлық аймағының ісінуімен сәтті күресуге мүмкіндік беретін ангиогенез ингибиторларын қолдану. Емдеудің бұл түрі жасқа байланысты макулодистрофиясы, диабеттік ретинопатиясы және т. б. бар науқастарға тиімді болады.
Көз түбінің перифериясын қарап-тексеру – циклоскопия, сондай-ақ лазерлік операциялар – торқабықтың коагуляциясы, иридотомия, қайталама катаракта дисцизиясы жүргізіледі.
Бөлімшені көпбейінді клиникаға орналастыру мүмкіндігі ілеспе жалпы аурулар болған жағдайда науқастарға қосымша тексерулер мен консультациялар жүргізуге мүмкіндік береді.
Бөлімше дәрігерлері
Талапбек Мұратұлы Әженов
Бас оториноларинголог
Медицина ғылымдарының докторы
Жоғары санат
Жұмыс өтілі 25 жыл
Арман Кәкімжанұлы Нагуманов
Бөлімше меңгерушісі
Жоғары санат
Жұмыс өтілі 20 жыл
Гульфайрус Жанахметқызы Молдашева
Офтальмолог дәрігер
Жоғары санат
Жұмыс өтілі 32 жыл
Мадина Маратқызы Құрманғалиева
Бас офтальмолог
Медицина ғылымдарының докторы
Жоғары санат
Жұмыс өтілі 30 жыл
Әлия Тілеуліқызы Жалмағамбетова
Офтальмолог дәрігер
Жоғары санат
Жұмыс өтілі 25 жыл
Дмитрий Вилориевич Когай
Оториноларинголог дәрігер
Жоғары санат
Жұмыс өтілі 15 жыл
Әлия Мұхамеджанқызы Дарбекова
Оториноларинголог дәрігер
Бірінші санат
Жұмыс өтілі 15 жыл
Маханбет Медет Елтайұлы
Оториноларинголог дәрігер
Жоғары санат
Жұмыс өтілі 13 жыл