АИТВ (иммун тапшылығы вирусы) ашылғаннан бері 40 жылға жуық уақыт өтті. Содан бері адамдар арнайы терапия арқылы бұл аурумен қалыпты өмір сүруді үйренді. 2022 жылы Астанада АИТВ инфекциясын жұқтырудың 300-ден астам жағдайы анықталды, оның басым бөлігі немесе 72%-ы ер адамдар. Елордада аурудың өсуі көші-қонның жоғары болуына байланысты. Сонымен қатар, бұрын АИТВ есірткіге тәуелділерде, секс қызметін көрсетушілерде анықталса, қазір АИТВ-мен ауыратын адамның әлеуметтік портреті өзгерді. Олар тұрақты табысы бар, білімді, толыққанды өмір сүретін жастар. АИТВ адам өмірі мен психологиясын қалай өзгертетіні, ауруды емдеу, стереотиптер мен қате түсініктер туралы Ақпарат агенттігінің тілшісі Астана қаласының АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының АИТВ инфекциясын эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Інжу Аймағамбетовамен тілдесті.
АИТВ-мен ауыратын қазақстандықтың әлеуметтік портреті
Ол АИТВ – агрессор-вирус екенін атап өтті. Оның ерекшелігі – геометриялық прогрессияда көбеюі. «АИТВ сау жасушаларға әсер етеді, олардың орнында вирустық жасушалар тудырады және бұл иммунитетті нөлге дейін төмендетеді», - деп түсіндірді Інжу Аймағамбетова.
Жыл сайын Астанада анықталған жағдайлардың 20%-ы басқа қалалардың тұрғындарына, 15-17%-ы шетелдіктерге тиесілі. АИТВ жұқтырғандардың көпшілігі ер адамдар, жас жігіттер.
«Елорда тұрғындарын АИТВ-ға тестілеумен қамту әрқашан 25%-дан 28%-ға дейін жоғары болвды, ал ДДСҰ ұсынысы бойынша халықты қамтудың шекті деңгейі кемінде 10% болуы тиіс. Бізде жыл сайын халықтың 30%-ы АИТВ-ға тексеріледі. Неғұрлым көп адам тексеруден өтсе, соғұрлым көп анықталады. Сонымен қатар, эпидемияның сипаты өзгеріп, жыныстық жолмен АИТВ жұқтыру көрсеткіші басым болды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Астанада 300-ден астам АИТВ жағдайы анықталды. 80%-дан астам жағдайда инфекция жыныстық жолмен берілген, 72% ер адамдар, 28% әйелдер», — деді АИТВ инфекциясын эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі.
Оның айтуынша, жастар әлі де АИТВ-дан сақтанбайды, демек жастар қауіп тобына жақын болуы ықтимал. Егер бұрын АИТВ инъекциялық есірткі тұтынушыларында, сотталғандарда, секс қызметін көрсетушілерде анықталса, бүгінде 20-39 жастағы әлеуметтік тұрғыдан бейімделген жас жігіттерде анықталып жатыр.
«Оның жоғары немесе орта білімі, жақсы жұмысы және тұрақты табысы болуы мүмкін. Әдетте, жастар АИТВ инфекциясын қорғанышсыз жыныстық қатынас, гетеро және гомо қатынас арқылы жұқтырады. Жыныстық қатынасқа түсетіндердің бәрі қауіп тобында екенін түсіну керек», - деп атап өтті Інжу Аймағамбетова.
АИТВ қалай жұғады: стереотиптер мен қате түсініктер
АИТВ инфекциясы тек үш жолмен беріледі — жыныстық, перинаталдық (АИТВ-мен ауыратын анадан балаға жұғады) және парентеральды (вена ішіне дәрі құю арқылы). Екінші жағдайда, бұл терінің және сілемейлі қабаттардың бұзылуы, есірткі қолдану, медициналық манипуляциялар кезінде болуы мүмкін.
«АИТВ басқа жолдармен жұқпайды. Инфекция тұрмыстық жолмен берілмейді. Жұмыста, үйде, мектептегі әдеттегі қатынастар, құшақтасу, беттен сүю, ортақ телефон пайдалану, АИТВ жұқтырған адаммен бір бассейнде шомылудан инфекция жұқпайды. Дегенмен, өз қауіпсіздігіңді ойлау ешкімге зиян келтірмейді», - дейді спикер. - Сыртқы ортада, адам организмінен тыс жерде иммун тапшылығы вирусы бірден өледі. Күн сәулесінің тікелей түсуі оны 2-3 минут ішінде инактивациялайды, 60 градусқа дейін қызса 5-7 минут ішінде, ал қайнату кезінде вирус бірден жойылады, сондықтан үйде, медициналық ұйымдарда заттардың бетін өңдеуге арналған стандартты хлорлы ерітінділер АИТВ-ның алдын алу үшін жеткілікті».
Тексерілу: жасырын және құпия
АИТВ-ға тұрғылықты жері бойынша емханада, жеке клиникаларда, сондай-ақ АИТВ инфекциясының алдын алу орталығында тексерілуге болады. Бұл процедура тегін және құпия болып қалады, АИТВ-ға анонимді түрде тексерілуге болады.
«Адам АИТВ-ға тест нәтижесі оң екенін АИТВ-ға тест тапсырғаннан кейін ғана біле алады. Әдетте, госпитализация, медициналық қарап-тексеру, АИТВ нәтижесін талап ететін кез келген құжаттарды ресімдеу және т.б. жағдайда АИТВ-ға анализ тапсырылады, әйелдер бұрын АИТВ-ға тексерілмейтін, ал қазір міндетті түрде әйелдер консультациясында жүктілік бойынша есепке тұрғанда тексеріледі» - деп атап өтті Інжу Аймағамбетова.
Сізде АИТВ бар екенін қалай түсінуге болады?
Организмде иммун тапшылығы вирусының бар екені әрқашан айқын көрінбейді, өзіне тән белгісі де болмауы мүмкін. Егер адамның иммунитеті күшті болса, ол тексерілгенге дейін бірнеше жыл бойы өзінің ауруы туралы білмеуі мүмкін. Дегенмен, дене температурасының көтерілуі, ұзаққа созылған және себепсіз диарея, салмақ тастау сияқты белгілер АИТВ-ге тән болуы мүмкін.
«Барлығы адамның иммунитетіне, вирустық жүктемеге, инфекция көзіне байланысты, бірақ орта есеппен 2-3 айдан 5-6 жылға дейін АИТВ инфекциясы симптомсыз болуы мүмкін. Біз адамдарға АИТВ анықталғанын айтқан кезде, әрине, олардың реакциялары әртүрлі болады. Есірткіні тұтынушылар, гомосексуалдық қатынасқа түскен ер адамдар сияқты халықтың негізгі топтары орталықтың профилактикалық жұмысының арқасында АИТВ-ден хабардар. Олар «солай болатынын сезгенмін» дегендей сабырмен қарайды. Ал, басқа адамдар АИТВ нәтижесі оң екенін білгенде шок, агрессия, депрессияға ұшырайды. Инфекция нәтижесін жариялау тек АИТВ алдын алу орталығында психологтың қатысуымен жүзеге асырылады. Өйткені, адамдар жылайды, дәрігерлерге қауіп төндіреді, сенімсіздік, қорлау болады, нәтижеден бас тартады, анализдерді қайта тапсыруды талап етеді. Біраз уақыттан, бір-екі аптадан кейін адам тынышталып, диагнозын қабылдайды және есепке тұрып, қажетті ем алады», - дейді Інжу Аймағамбетова.
Емдеу ерекшеліктері және немқұрайлы қараса не болады
АИТВ инфекциясын емдеу антиретровирустық терапия (АРТ) көмегімен жүргізіледі. Дәрігер заманауи препараттар АИТВ-мен күресуде тиімді екенін атап өтеді. Терапияның негізгі ережесі – үнемі және үздіксіз қабылдау. Бұл вирустың таралуын алты айдан аз уақыт ішінде тежеуге мүмкіндік береді және өмір бойы АИТВ-ні бақылауда көмектеседі.
«Терапияның бастапқы мақсаты – адам қанындағы АИТВ-ні тұрақты түрде тежеу. АРТ ағзаны вирустан толық тазартуды қамтамасыз етпесе де, дұрыс және жүйелі түрде қабылдаған кезде, АИТВ инфекциясының дамуын тоқтатуға, иммундық жүйені қалпына келтіруге мүмкіндік береді, егер әлсіреген иммунитет аясында дамыған болса қосалқы аурулардың регрессиясы туындайды. Мұның бәрі АИТВ-мен ауыратын адамның өмір сүру сапасын сақтауға мүмкіндік береді»,-деді АИТВ инфекциясын эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі.
Тегін дәрі-дәрмектер
Барлығы дұрыс жасалса, АИТВ анализі нәтижесінің қате болуы мүмкін емес. ЖИТС қызметінде АИТВ инфекциясын диагностикалау үшін диагностикалық сезімталдығы 100% тест-жүйелер қолданылады. Бұл тексеру нәтижесінде қателік болу ықтималдығының жоқ екенін білдіреді. Мүмкіндігінше ұзақ өмір сүру үшін АИТВ-мен ауыратын адамдар дәрігердің нұсқауын қатаң сақтауы керек, ең бастысы емделуге бейімделуі керек. Қазақстанда дәрі-дәрмектерді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін алуға болады.
«Аралас терапия тағайындалады, яғни бір таблеткада үш препарат болады. Антиретровирустық терапияны қолдану АИТВ-мен ауыратын адамның өмірін едәуір ұзартады. Вирустың көбеюін тежеу арқылы АИТВ басқа адамдарға жұқтыру қаупі де азаяды. АРТ-ны ерте тағайындау мен үнемі қабылдау тек емдік ғана емес, сонымен қатар инфекция көзінің көбеюін азайту үшін эпидемияға қарсы маңызды шара болып табылады. Егер адам емделмесе, АИТВ ЖИТС кезеңіне өтуі мүмкін, ал емделмейтін қайтымсыз клиникалық құбылыстардың дамуы өлімге әкеледі», - деп атап өтті Інжу Аймағамбетова.
АИТВ, жүктілік және босану
Егер АИТВ жұқтырған адам отбасын құрғысы келсе және балаларын денсаулықтарына қауіп төндірмей туғысы келсе, бірқатар шарттар орындалуы керек. Олардың бірі: емделу мен жүктілікті жоспарлау. Айта кетейік, соңғы бес жылда Астанада жаңа туған нәресте анасынан АИТВ жұқтырған бірде-бір жағдай тіркелген жоқ.
«Емдеуші дәрігермен жүктілік дұрыс жоспарланса және алдын алу шараларының кешені жүргізілсе, нәрестенің ауру жұқтырып туылу ықтималдығы нөлге тең. Антиретровирустық терапияның ең үлкен жетістіктері: жүктілік және босану кезінде АИТВ-мен ауыратын әйелден балаға жұғу ықтималдығының төмендеуі. АРТ-ны ерте тағайындау мен үздіксіз қабылдаудың арқасында Астанада соңғы бес жыл ішінде АИТВ-мен ауыратын аналардан жаңа туған нәрестелерге АИТВ жұғу жағдайы тіркелген жоқ. 2022 жылы Астанада АИТВ-мен ауыратын 30 жүкті әйел тіркеліп, 22 нәресте дүниеге келді. Барлық балалар сау, — деді Інжу Аймағамбетова. – Біздің орталықтың инфекционист дәрігері АИТВ нәтижесі оң әйелдерді жүктілікке дайындайды. Ай сайын әйел вирустық жүктемеге тест тапсыруы керек. Шекті мәннен төмен вирустық жүктеме кезінде ғана бала көтеруге рұқсат етіледі. Егер АИТВ-нің оң статусы бар әйел жүкті болса, оған шұғыл түрде антиретровирустық терапия тағайындалады. Бақылауды емхананың акушер-гинекологы да жүргізеді».
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда АИТВ-ні қасақана жұқтырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. ҚР Қылмыстық кодексінің 118-бабы «Басқа адамды жұқтыру қаупiне көрiнеу душар ету» бойынша 200 АЕК-тен бастап айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға 180 сағатқа дейін тарту немесе 5-10 тәулікке дейін қамауға алу қаупі бар.
Ал, өзiнде АИТВ бар екендiгiн бiлген адам осы ауруды басқа адамға жұқтырса, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Осы баптың 2-бөлiгiнде көзделген, екi немесе одан да көп адамға қатысты не кәмелетке толмаған адамға қатысты көрiнеу жасалған іс-әрекет үшін бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру түрінде жаза қолданылады.
«NewTimes.kz» АА материалдары бойынша