26 наурызда дүниежүзінде «Күлгін күн» аталып өтеді. Бұл эпилепсия ауруы туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған жыл сайын өтетін халықаралық іс-шара.
Бұл күннің символы ретінде күлгін түс кездейсоқ таңдалған жоқ. Бұл түс жүйке жүйесіне жағымды әсер етіп, мазасыздықты, фобиялар мен қорқынышты азайтады деп саналады. Сондықтан, 26 наурызда күннің барлық қатысушылары немесе кез келген ниет білдіруші күлгін лента тағады немесе күлгін түсті элементтері бар киім киеді, осылайша эпилепсиямен ауыратын адамдарға қолдау көрсетеді.
Осы оқиғаға орай біз ҚР азаматтарының осы ауру туралы хабардарлығын, білімін арттырғымыз келеді.
Эпилепсия – кез-келген жастағы адамдарда кездесетін созылмалы инфекциялық емес ми ауруы. Бұл сырқат – әлемде ең кең таралған неврологиялық аурулардың бірі. ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасында жоғары білікті және тәжірибелі эпилептолог дәрігерлер қызмет атқарады: Жасұлан Өтебеков, Гүлдана Жұмабаева және Ғазиз Қырғызбай, сондай-ақ Функциялық диагностика орталығының медициналық персоналы. Олар эпилепсиямен ауыратын науқастарға медициналық көмек пен қолдау көрсетеді. Осы орайда олар бұл аурудың пайда болу себептерімен бөлісіп, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Ересектер мен балаларда эпилепсияның пайда болу себептері:
- Бассүйек-ми жарақаттары
- ми құрылымындағы генетикалық бұзылыстар
- ми аурулары
- жұқпалы аурулардың салдары
- бастағы қан айналымының бұзылуы және басқа да көптеген факторлар
Егер сіздің көзіңізше бір адамда эпилепсия ұстамасы басталса, не істеу керек:
- Адамның мойнынан тар киім мен аксессуарларды шешіңіз
- Жарақаттауы ықтимал заттарды алып тастаңыз
- Басының астына жұмсақ, жалпақ зат қойыңыз (бүктелген киім)
- Ұстаманың басталу және аяқталу уақытын белгілеңіз
- Ұстама аяқталғаннан кейін адамды бір бүйіріне жатқызыңыз
- Толығымен есін жиғанша жанында болыңыз
Эпилепсия ұстамасы кезінде:
- Адамды күштеп көтеруге немесе жатқызуға;
- Қандай да бір затпен жағын ашуға;
- Жасанды тыныс және жанама жүрек массажын жасауға;
- Су бүркуге немесе суға салуға;
- Таблетка беруге болмайды.
Ауру туралы кімді хабардар ету керек?
- Әсіресе бақыланбайтын ұстамалар кезінде уақтылы көмек көрсетілуі үшін пациенттерге өз ауруы туралы әріптестеріне, мектептегі мұғалімдерге айту ұсынылады
- Ауру туралы ақпарат жазылған арнайы карточка, білезік немесе медальон тағып жүрген дұрыс
- Жұмысқа орналасу кезінде ауру туралы жасырмай айтқан жөн
Көбінесе эпилепсия туа біткен ауру деп саналады. Бірақ бұл сырқат жүре бітуі де мүмкін. «Күлгін күн» эпилепсиямен ауыратын канадалық қыз Кессиди Меганның арқасында бастау алды. Сондықтан біз эпилепсиямен ауыратын барлық адамдарға қолдау көрсетеміз.