2022 жылғы 10 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасында Үндістаннан келген профессор Гиреш Мукунд Варавдекардың қатысуымен перифериялық артериялардың эндоваскулярлық хирургиясы саласындағы инновациялық технологияларды қолдана отырып, шеберлік сыныбы өтті.
Эндоваскулярлық операцияның дәстүрлі операциялармен салыстырғанда біршама айырмашылықтары мен ерекшеліктері бар. Дәрігер операция кезінде теріні кеспейді, ұсақ тесіктер жасап, солар арқылы қантамырларға операция жасайды. Сондықтан жалпы наркоз емес, әдетте жергілікті анестезия қолданылады.
"Біз үш операция жасадық: дәрі-дәрмекпен емдеуге келмейтін бүйрек артериясының стенозы бар пациенттің солжақ бүйрек артериясына стенттеу жасалды. Екінші клиникалық жағдайда, бұрын бірнеше рет сәтсіз реконструктивтік операция жасалған сол аяқ артериялары зақымданған пациенттің сан артериясын стенттеу арқылы эндоваскулярлық реканализация жасалды. Жақсы иілетін және қантамыр қабырғасына икемделетін нитинолды стент қолданылды. Диабеттік табан синдромының салдарынан табан ишемиясына шалдыққан үшінші пациентке жіліншік артерияларына баллондық ангиопластика жасалды. Емдеу әдісі артерия қабырғаларында қайтадан түйіншік пайда болуына жол бермейтін дәрілік жабынды баллон катетеріне негізделген. Мұндай емдеу арқылы аяқ-қол ампутациясын болдырмауға болады",- деп профессор Гиреш Мукунд Варавдекар шеберлік сыныбының нәтижелерімен бөлісті.
Халықаралық диабет федерациясының ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда 20-79 жас аралығындағы 735 200 адам қантты диабетпен ауырады. Диабеттік табан - қантты диабеттің ең қауіпті асқынуларының бірі. Диабеттік табан синдромы кезінде аяқтың зақымдалған қантамырларындағы қанайналымының бұзылуы аяқ терісінің трофикалық өзгеруіне және гангренаға әкеледі. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасында осы аурудан зардап шегетін пациенттерге көмек көрсету үшін «Диабеттік табанды емдеу орталығын» ашу жоспарлануда.