Басты бетДәрігер Тынкозиевтің күлімдеген күлкісі

Дәрігер Тынкозиевтің күлімдеген күлкісі

Дәрігер Тынкозиевтің күлімдеген күлкісі
Бүгін біз Президенттік клиниканың эндоскопист дәрігері Жеңісбек Тынкозиев туралы әңгімелейміз.

Өзінің хоббиі туралы әңгімесін бастаған Жеңісбек, көршілер арасындағы әдеттегі топтық чаттың достық қарым-қатынасқа және футбол клубын құруға ұласқанын есіне алды:

«Өткен жылы жаңа пәтерге көшкеннен кейін, бірден чат құрып, барлық көршілермен таныса бастадым. Мен енді көшіп барғанда, алғашқы карантин басталған еді: барлығы «онлайн», үйде отырған. Бұл біз үшін танысуға және араласуға қолайлы уақыт болды. Ауладағы футбол алаңына жиналғаннан кейін, кімдердің футбол ойнайтынын білдік. Осылайша футбол ойнай бастадық. Нәтижесінде, сол жылдан бастап біздің командаға 20-ға жуық адам жиналды. Тұрғын үй кешені сияқты футбол командамыз да «Аркада» деп аталады. Біз үнемі жаттығып тұрамыз, басқа аулалардағы командалармен ойнаймыз және жеңеміз. Біздің тіпті өз формамыз да бар!

Біздің команда – жан-жақты: біздің арамызда спорт шеберлері де, офицерлерде, жарыс жүлдегерлері де бар. Бірақ бізді ауламыз, достығымыз және хоббиіміз біріктіреді».

Жеңісбек ауласы жайлы әңгімені жалғастыра отырып, қалыптасқан қарым-қатынастар туралы айта келе, өзінің балалық шағын еске алды:

«Мен өзім көп балалы отбасынан шықтым. Біз үйде 5 баламыз: 4 ағам және бір қарындасым бар. Бала кезімізден бауырларымызбен татумыз, әрқашан бір-бірімізге көмектесіп, қолдап отырамыз. Ал қазір біздің үйде, «Аркадада» дәл солай. Барлық көршілер бауырлар сияқты. Ауладағы барлық балалар - бұл біздің балаларымыз. Біз бір-бірімізге осылай қараймыз. Егер біреудің проблемасы болса, біреуге көмек керек болса, біз әрқашан қол ұшын беруге дайын тұрамыз. Мен өзімнің туған аулам сияқты сезінемін.

Жалпы, мен студенттік шағымнан бастап үш бағытты ұстануға тырыстым: күндіз оқыдым, кешке жұмыс істедім және спортпен айналыстым. Ата-аналарымыз бізді бала кезімізден уақытты босқа кетірмеуді үйреткен.

Мен мектепте еркін күреспен, содан кейін 4 жыл - қоян-қолтық күреспен, панкратионмен айналыстым. Мен - қоян-қолтық күрестен спорт шеберіне үміткермін. Кезекшілікке түскеннен бастап, құлаштап жүзуді, баттерфляй жүзуді үйрендім.

Студенттік шағымда да жұмыс істедім, қолөнер бұйымдарын жасаумен айналыстым. Сол кезде Шымкенттегі өнер университетінің студенттерімен жиі араласатынмын, осылайша ағаш бұйымдарды: жиектемелерді, той альбомдарын, қобдишаларды жасауды үйрендім. Әр өнім көп уақытты алатын, апта бойы бір альбомды жасайтын кездеріміз болатын. Бұл зергерлік жұмыс, ол мұқият болуды, ептілікті қажет етеді. Мені әрбір тапсырыстың ерекшелігі қызықтыратын, себебі олардың ешқайсысы қайталанбайтын бұйымдар еді».

Біз Жеңісбектен неліктен көршілердің чатын ұйымдастыруға бел буғандығын білгіміз келді.

«Менің ойымша, өмірде адамдармен араласу маңызды, мейлі отбасы, әріптестер, көршілер болсын. Жұмыста да науқас келгенде сөйлесе білу керек. Өйткені, ең алдымен адамды емдейтін нәрсе – бұл жылы сөз».

Жеңісбек өзінің «өмір ережесі» туралы айтып, былай деп толықтырды:

«Жаңа бір нәрсені жасап көру, бір нәрсені енгізу - бұл маған жақын дүние. Бұл мейлі альбом, спорт, ұйымдастыру немесе ғылым болсын. Мені әрқашан жаңа дүниелер қызықтырады. Маған әрқашан жаңа идеялар келеді, мен оларды іске асырып, әйтеуір нәтижесінде бірнәрсе жасап шығарамын».

улыбка врача-8.png