ЦИСТИТ – әйелдер үшін өте өзекті мәселе, әсіресе еліміздің суық климатына байланысты. Бірақ, өкінішке орай, шетін мәселе немесе соншалықты маңызды деп есептелінбейтіндіктен, біз бұл тақырыпты көп көтере бермейміз. Осы мәселеге тап болған әйелдер не істейді? Ең алдымен, Google-дан жауап іздейді, құрбыларынан кеңес сұрайды, жергілікті дәріханадағы фармацевтен кеңес алады, тіпті болмағанда гинекологтың қабылдауына барады, сөйтеді де, циститке шалдыққан пациенттер гинекологтарда немесе терапевтерден ары бармай, қалып қояды.
Дегенмен, осы тақырыпқа ғылыми көзқараспен қарайтын болсақ, ол, әрине, урологияға тікелей қатысы бар. Медицинаның бұл бағыты ерлердің несеп-жыныс жүйесін, сондай-ақ әйелдердің несеп жүйесін зерттейді. Сондықтан да, егер де сіз осы мәселеге бетпе-бет келген болсаңыз, ұялмастан, бірден урологтың қабылдауына жазылыңыз, бұл біздің құзыретімізге жататын сала.
ЕҢ АЛДЫМЕН, ЦИСТИТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР, ОСЫ СҰРАҚТАРДЫ ТАЛДАП АЛАЙЫҚ?
Қарапайым тілмен айтқанда, цистит – бұл қуықтың қабынуы, ол несеп шығарудың бұзылуынан бастап, қуықта ауырсыну сезіміне дейінгі әртүрлі симптомдармен қатар жүреді. Барлығы циститтің сатысы мен түріне байланысты. Мұнда біраз тереңірек айтып өтеміз.
Жіті цистит болады: әдетте, ол бірінші рет ауырғанда. Жіті цистит түрі созылмалы циститке алмасуы мүмкін, егер циститтің қайталануы жарты жылда екі рет немесе жылына үш рет болса, онда бұл созылмалы циститтің қайталанбалы ағымы болып табылады.
Одан басқа, созылмалы тінаралық цистит (басқаша айтқанда, қуық ауруы синдромы) бар. Циститтің мұндай түріне шалдыққан пациентте дәретханаға жиі бару қажеттілігі ғана емес, сонымен қатар қуықтың ауырсыну сезімі болады.
Жоғары белсенділікті қуық – аурудың дәл осы түріне шалдыққан кезде, тәулігіне сегіз реттен аса дәретке шығарады. Қалыпты жағдайда, әйел мен ер адам төзе алады. Барлығы шартты рефлекторлық актіге негізделеді: біздің дәретханаға барғымыз келді және дәретхана бөлмесіне барғымыз келгеннен кейін жарты сағат немесе бір сағаттан кейін бара аламыз. Жоғары белсенділікті қуыққа шалдыққан әйелдер шыдай алмайды. Кейбір ханымдар өздерінің қала бойынша жүру бағыттарын сауда орталықтары арқылы құрып, кептеліске қалып қоюдан қорқатындықтары жайлы естіген боларсыздар. Мұның барлығы, жоғарыда аталған аурудың себебінен. Жоғары белсенділікті қуық, жеке синдром немесе жіті және созылмалы циститпен бірге жүруі мүмкін.
АЛ, ЕНДІ ЦИСТИТТІҢ ЖОҒАРЫДА АТАЛҒАН ТҮРЛЕРІ ҚАНДАЙ СИМПТОМДАРМЕН СИПАТТАЛАТЫНДЫҒЫН ҚАРАСТЫРАЙЫҚ?
Жіті және созылмалы цистит: пациентте несеп шығару кезінде ауырсыну, қуық аймағындағы жайсыздық сезімі болады. Несептің жалпы талдауы «қабыну» сипатында болады. Жоғары белсенділікті синдромы: бұл кезде пациент шыдай алмайды, дәретке барғысы келсе, бірден жүгіруі қажет, алайда несеп талдауы «қалыпта» болады. Қуықтың ауырсыну синдромы: пациентті қуықтағы ауырсыну сезімі мазалайды, алайда несеп талдауы «қалыпты» деп көрсетеді. Әдетте, мұндай пациенттер дәрігерге барған кезде: «бойжеткен, сізде бәрі қалыпты ғой» - деген сөздерді естиді. Бұдан кейін, ол өзін қоярға жер таппай, но-шпа таблеткасы ішіп алады да, дәрінің әсерінен сәл ауырсынғаны басылған сияқты болады, алайда, мұнымен мәселе түбегейлі жойылмайды.
ЦИСТИТТІҢ АСҚЫНУЫ НЕГЕ ӘКЕЛІП СОҚТЫРУЫ МҮМКІН?
Созылмалы, әсіресе қайталанбалы ағымдағы цистит, қуықтың лейкоплакиясына әкеледі (қуықтың шырышты қабығының ауыру жағдайы). Циститтің жиі асқынуы салдарынан қуықтың шырышты қабығы сатылап метаплазияға ұшырайды: қуықтың лейкоплакиясы қалыптасады. Қалыпты жағдайда, зәр қуықтың шырышты қабығы арқылы өтпейді, алайда эпителий метаплазиясы кезінде, несеп өзгерген шырышты қабығы арқылы өтеді және осы құрылымдардың тітіркенуі салдарынан ауырсыну, күйдіру сезімін тудырады, жиі несеп шығару – пациенттердің өмір сүру сапасын бұзады және олардың жұмысқа қабілеттілігін төмендетеді.
Бұл жағдайды диагностикалаудың жалғыз жолы – цистоскопия. Біз оны қабыну ошағын, қуықтың эпителийі метаплазиясының орнын анықтау үшін жүргіземіз. Қуықтың лейкоплакиясы анықталған жағдайда, пациенттің зәр шығаруының бұзылуы (дизурия) мен ауырсынуын дәстүрлі консервативті терапия емдей алмайды, мұнда тек қана операциялық ем көмектесе алады.
Лейкоплакияны операциялық емдеудің әр түрлі тәсілдері бар: оны әдетте ТУР (трансуретралды резекция) операциясының көмегімен орындайды. Бұл кезде өспемен бірге қуықтың шырышты қабаты да кесіледі (операцияның нәтижесінде қуықтың шырышты қабатында тыртық қалады).
Президенттік клиникада, біз операциялық емдеудің барынша физиологиялық әдісін қолданамыз: диодты лазерді қолдану арқылы қуық лейкоплакиясының лазерлік абляциясы. Біз тек шырышты қабаттың бетін ғана күйдіреміз, осылайша өсу қабатын зақымдамаймыз. Алып тастаған орында уақыт өте келе өзінің қабаты – уротелий өсіп шығады, бетінде тыртық қалмайды, кейіннен пациентте ауырсыну сезімі туындамайтын болады.
Біздің клиникамызда қуықтың қабынбалы және қабынбайтын ауруларын заманауи тексерудің толық спектрі жүргізіледі, сондай-ақ, біз кешенді консервативті терапияны, қажет болған жағдайда пациенттерді диспансерлік бақылауды ұсынамыз.