30 қазанда Медициналық орталық ауруханасында бас тәлімгер жаңадан жұмысқа қабылданған әріптестермен кездесті. Шарада жаңа ортаға бейімделу, алғашқы айлардағы маңызды жайттар мен маманның кәсіби өсуіндегі тәлімгердің рөлі талқыланды.
Бас тәлімгер Сәуле Кисикова жаңа қызметкерлерді аурухананың тыныс-тіршілігімен, құрылымымен және негізгі жұмыс бағыттарымен таныстырды. Сондай-ақ ұйым мен жұмыс барысы туралы қажетті мәліметтер толық қамтылған арнайы ақпараттық-бейімдеу материалы ұсынылды. Бұл нұсқаулық жаңа мамандардың ұжымға тезірек үйренісіп, сіңісіп кетуіне көмектеседі.
Ал директордың хирургия жөніндегі орынбасары Берік Қайкенов медициналық этика мен деонтология қағидаттарына тоқталды. Ол дәрігерлік әдепті сақтаудың, пациенттермен және әріптестермен дұрыс қарым-қатынас орнатудың маңызын атап өтті.
Өз кезегінде II санаттағы тәлімгерлер жас мамандарды қолдау бағытындағы жұмыстарымен бөлісті. Олар бейімделу кезеңінде тек кәсіби міндеттерді меңгертіп қана қоймай, жаңа қызметкердің ұжым дәстүрі мен ортақ құндылықтарын қабылдауына да баса мән берілетінін айтты.
Кездесуде сынақ мерзімінен сәтті өткен қызметкерлер де сөз алып, алғашқы айлардағы әсерлерімен және жұмысқа қалай бейімделгендерімен бөлісті.
Мұндай басқосулар жаңа мамандардың ұжыммен жақынырақ танысуына, сұрақтарына жауап алып, әріптестік қолдауды сезінуіне мүмкіндік береді. Өйткені тәлімгерлік – тек қызметтік міндеттерді үйрету емес, жаңа маманды ұжымның ажырамас бөлігіне айналдырып, корпоративтік мәдениетті бойына сіңіруге жол ашатын маңызды үдеріс.

