Басты бет › БАУЫРДЫҢ МАЙЛАНУЫ: БАУЫР САУЛЫҒЫН ҚАЛАЙ САҚТАУҒА БОЛАДЫ

БАУЫРДЫҢ МАЙЛАНУЫ: БАУЫР САУЛЫҒЫН ҚАЛАЙ САҚТАУҒА БОЛАДЫ

БАУЫРДЫҢ МАЙЛАНУЫ: БАУЫР САУЛЫҒЫН ҚАЛАЙ САҚТАУҒА БОЛАДЫ

Бауырдың майлануы немесе бауыр стеатозы – бауыр жасушаларында майдың шамадан тыс жиналуымен сипатталатын жағдай. Аурудың бастапқы кезеңдерінде ешқандай белгілер байқалмауы мүмкін, сондықтан адамдарда ол көбінесе медициналық тексеру кезінде кездейсоқ анықталып жатады.

Қауіптің негізгі факторлары:

✓ артық дене салмағы, әсіресе іш аймағында майдың жиналуы;

✓ төмен физикалық белсенділік;

✓ қант пен калорияны шамадан тыс тұтыну;

✓ көмірсу алмасуының бұзылуы және 2 типті қант диабеті;

✓ холестерин мен триглицеридтер деңгейінің жоғарлауы;

✓ алкогольді тұтыну;

✓ кейбір дәрілік препараттар және зат алмасудың бұзылуы.

Бауырдың майлануы тек артық салмағы бар адамдарда ғана емес, сонымен қатар дене салмағы қалыпты жандарда да кездесуі мүмкін екенін түсіну маңызды. Бұл жағдай шаршағыштықтың артуымен, оң жақ қабырға астындағы ауырлық немесе жайсыздық сезімімен, жалпы хал-ахуалдың нашарлауымен қатар жүруі мүмкін.

Бауырдың майлануы несімен қауіпті?

✓ бауырдың қабынуы;

✓ фиброз;

✓ цирроз;

✓ басқа да ауыр асқынулар.

Диагностика:

✓ қанның биохимиялық талдауы (АЛТ, АСТ);

✓ билирубин және бауыр қызметінің басқа да көрсеткіштері;

✓ глюкоза және липидтік профиль;

✓ бауырды ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ);

✓ фиброз дәрежесін бағалаудың қосымша әдістері.

Алдын алу мен емдеудің негізі – өмір салтын өзгерту:

  1. Дене салмағын қалыпты деңгейде ұстаңыз. Тіпті дене салмағын аздап азайтудың өзі бауырдағы май мөлшерін төмендете алады.
  2. Көбірек қимылдаңыз. Тұрақты дене белсенділігі, салмақ тастамаған жағдайда да бауырға пайдалы әсер етеді.
  3. Тамақтану тәртібіңізді қадағалаңыз. Рационыңыз көкөністерге, жемістерге (қалыпты мөлшерде), тұтас дәнді дақылдарға, бұршақ тұқымдастарға, балыққа, құс етіне және ақуыздың басқа да көздеріне негізделуі тиіс. Қант қосылған сусындарды, қантты шамадан тыс тұтынуды, ұннан жасалған тәтті тағамдарды, қатты өңделген өнімдерді және қаныққан майлардың артық мөлшерін шектеу қажет.
  4. Алкогольден бас тартыңыз.
  5. Денсаулық көрсеткіштеріңізді бақылаңыз. Қант диабетін, липидтер алмасуының бұзылыстарын және артериялық қысымның жоғарылауын дер кезінде анықтап, емдеу маңызды.


Есте сақтаңыз! Бауырдың майлануы – үкім емес. Көп жағдайда, жоғарыда аталған алдын алу шаралары сақталса, бауырдағы өзгерістерді азайтуға немесе аурудың ерте сатысында оның өршуін тоқтатуға болады.