МРТ нәтижесінде омыртқааралық жарықтың анықталуы бірден операция жасау қажет дегенді білдірмейді. ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының жұлын нейрохирургі Ардақ Ахмадиевтің айтуынша, емдеу тактикасы пациенттің шағымдары, неврологиялық жағдайы және аурудың даму динамикасы ескеріле отырып анықталады. Омыртқааралық жарық омыртқааралық дискінің бір бөлігі қалыпты анатомиялық шекарасынан шығып, жүйке құрылымдарын қысқан кезде пайда болады. Оның дамуына дискідегі дегенеративті өзгерістер, шамадан тыс физикалық жүктеме, қимыл-қозғалыстың аздығы және тұқым қуалайтын бейімділік әсер етуі мүмкін. «Біз үшін бастысы – операция жасау емес, пациентке дұрыс емдеу әдісін таңдау. Егер мәселені хирургиялық араласусыз тиімді шешуге болатын болса, консервативті емге басымдық береміз», – деп атап өтті маман.
Көп жағдайда айқын немесе үдеп келе жатқан неврологиялық бұзылыстар болмаса, емдеу операциясыз, консервативті әдістерден басталады. Ол дәрі-дәрмек қабылдауды, емдік дене шынықтыруды, физикалық жүктемені дұрыс реттеуді және оңалтуды қамтуы мүмкін. Кейбір жағдайларда емдік-диагностикалық блокадалар да қолданылады. Операция ауырсыну ұзақ уақыт сақталып, адамның күнделікті өміріне айтарлықтай кедергі келтіргенде, консервативті ем қажетті нәтиже бермегенде немесе неврологиялық бұзылыстар пайда болып, күшейген жағдайда қарастырылады. Жүйке құрылымдарының қатты қысылғанын көрсететін белгілерге ерекше мән берген жөн. Әсіресе аяқ-қолдардағы әлсіздіктің күшеюіне назар аудару қажет. Мұндай белгілер байқалса, жағдайды уақтылы бағалап, әрі қарайғы емдеу тәсілін анықтау үшін нейрохирургке қаралған дұрыс.
Медициналық орталық ауруханасында омыртқа ауруларын емдеуде микрохирургиялық және эндоскопиялық әдістер қолданылады. Белдегі омыртқааралық жарықты емдеудің аз инвазиялы әдістерінің бірі – шағын тілік арқылы эндоскопиялық жүйенің көмегімен жарықты алып тастау. Емдеу әдісі әр пациентке жеке таңдалады. Бұл кезде жарықтың орналасуы мен көлемі, омыртқа өзегінің анатомиялық ерекшеліктері, өзектің тарылуы, омыртқаның тұрақсыздығы, бұрын жасалған операциялар және басқа да факторлар ескеріледі. «Барлық пациентке бірдей сәйкес келетін әмбебап операция жоқ. Әр адамның жағдайына қарай жарықтың орналасуы мен ерекшелігі және басқа да факторлар ескеріліп, ең қолайлы әдіс таңдалады», – дейді Ардақ Ахмадиев. Соңғы екі жылда ауруханада омыртқаға 300-ден астам эндоскопиялық операция жасалды. Асқынусыз өткен омыртқааралық жарық операциясынан кейін көптеген пациент сол күні немесе келесі күні жүріп кете алады. Ал жұмысқа және физикалық белсенділікке оралу мерзімі әр пациенттің жағдайына байланысты.
Ем аяқталғаннан кейін физикалық белсенділікке біртіндеп оралу маңызды. Пациент оңалту кезінде дәрігердің ұсынымдарын орындап, дене бұлшықеттерін нығайтуға және дене салмағын қалыпты деңгейде ұстауға көңіл бөлуі керек. Сондай-ақ ауыр заттарды дұрыс көтеріп, темекі шегуден бас тартқан жөн. Дегенмен омыртқааралық жарықтың қайта пайда болу қаупін толықтай жоққа шығару мүмкін емес. Өйткені омыртқааралық дискілердегі дегенеративті өзгерістер сақталуы мүмкін. Маманның айтуынша, емдеудің мақсаты – омыртқадағы өзгерістерді ғана емдеу емес, пациенттің қимыл-қозғалысын қалпына келтіріп, өмір сапасын жақсарту. «Біздің міндетіміз – пациентті әр қимылдан қорқыту емес, оның дұрыс қалпына келуіне көмектесіп, қалыпты өміріне қайта оралуына жағдай жасау», – деп атап өтті Ардақ Ахмадиев.