Басты бетМикропластик – күнделікті өмірде оның зиянын қалай азайтуға болады

Микропластик – күнделікті өмірде оның зиянын қалай азайтуға болады

Микропластик – күнделікті өмірде оның зиянын қалай азайтуға болады

Соңғы онжылдықта пластиктің тек табиғатқа ғана емес, адам организміне де тигізер зияны туралы тақырып ең көп талқыланатын мәселелердің біріне айналды. Адам денесінің барлық мүшелеріне өтетін микропластик пен нанопластиктің құрамындағы химиялық заттар денсаулыққа диабет пен семіздіктен бастап, жыныстық дисфункция мен бедеулікке дейінгі кең ауқымды зардаптар әкелуі мүмкін. Зерттеу мәліметтері бойынша, қазіргі адам апта сайын шамамен 5 грамм пластик бөлшектерін жұтады. Адам ағзасының қуатты қорғаныс сүзгілері болғанына қарамастан, микро- және нанобөлшектер ағзаның қорғаныс кедергілерін айналып өтуді және еңсеруді үйреніп алған.

Ас қорыту жүйесі арқылы біз сумен және тамақпен бірге мыңдаған бөлшек жұтамыз. Ірілеу микропластик асқазан-ішек жолдары арқылы транзитпен сыртқа шығады, бірақ ең ұсақ нанопластик ішек бүрлерін зақымдап, оның қабырғалары арқылы лимфаға, қанға өтеді және сол жерден ішкі мүшелерге таралады.

Тыныс алу жолдары арқылы күн сайын ересек адам ондаған мың пластик шаңының бөлшектерін жұтады, олардың көзі киім, кілем және автомобиль шиналары. Өкпе альвеолаларының тереңіне бойлай отырып, ұсақ талшықтар жергілікті қабынуды тудырады, ал ең кішкентай фрагменттер тікелей қан ағымына сіңеді.

Гематоэнцефалдық және плацентарлық кедергілер (барьерлер) арқылы ғалымдардың зерттеулері бойынша, нанопластик гематоэнцефалдық кедергіні (қан мен жүйке тіні арасындағы қорғаныс сүзгісін) еңсеріп, бас миының тіндерінде жиналуға қабілетті, сондай-ақ бөлшектер плацента мен кіндік қанынан да табылған.

Пластик денсаулыққа қандай негізгі қауіп-қатерлер төндіреді:

  • гормоналды жүйенің бұзылуы ағзаға түсетін токсинді қоспалар (бисфенол А, фталаттар, ауыр металдар) адам гормондарын имитациялап (еліктеп), эндокриндік және репродуктивті жүйелердің бұзылуына әкеледі, зат алмасудың бұзылуына, семіздікке, қалқанша безінің жұмысындағы ақауларға және бедеулікке соқтырады
  • онкологиялық аурулар пластиктің кейбір түрлері (мысалы, ПВХ) ағзада жиналып, қатерлі ісіктің дамуын тудыратын канцерогенді қосылыстарды (диоксиндер, винилхлорид) бөледі
  • жасушалық қабынулар ағза бөгде элементті жоюға тырысып, оған иммундық жасушаларды жібереді, бұл тұрақты әсер ету кезінде тіндердің созылмалы қабынуына және жасушалардың ДНҚ-сының зақымдалуына әкеледі, жүрек пен қан тамырлары ауруларының қаупін арттырады. Асқазан-ішек жолдарында пластиктің бетінде «жаман» бактериялардың колониялары жиналып, ішек дисбиозы мен аллергияны тудырады.


Пластик бұйымдардан толық оқшаулану мүмкін емес, бірақ ас үйдегі экологиялық баламалар арқылы оның зиянын азайтуға болады, бұл күнделікті жұтылатын микропластик көлемін азайтады:

  • тағамдағы фталаттар мен бисфенолдың негізгі көзі болып табылатын ас пленкасының орнына тамақ өнімдерін қауіпсіз сақтау үшін балауыз сулықтарды (салфеткаларды) пайдалану
  • пластик контейнерлерді, кесу тақталарын, қалақшалар мен ожауларды шыны мен тот баспайтын болатқа, төзімді тұтас бамбукқа, ағашқа немесе сапалы ыстыққа төзімді силиконға ауыстыру, бұл тағамға микроскопиялық талшықтардың түсуін азайтады
  • қазіргі заманғы порциялық шай пакеттері («пирамидалар») нейлон мен термопластиктен тұрады, қайнаған суға демдеген кезде бір ғана осындай пакет шыныаяққа миллиардтаған нанобөлшектер бөліп шығаруы мүмкін
  • пісірер алдында жармаларды мұқият жуу оның құрамындағы микропластик мөлшерін екі есеге жуық азайтуға мүмкіндік береді
  • үйдегі синтетикалық тоқыма бұйымдары мен кілемдерден бөлінетін пластик талшықтарының көзін азайтуға тұрақты түрде ылғалды тазалау жүргізу және ауа тазартқыштар көмектеседі
  • табиғи маталардан тігілген киім ең жақсы таңдау, өйткені полиэстер мен нейлонды жуу кезінде миллиондаған микроталшықтар ағынды суларға шайылып, бізге су және теңіз өнімдері арқылы қайта оралады.


Дәл қазір не істеу керек?
Ең бірінші, қарапайым және тиімді қадам тамақты пластик ыдыста жылытуды тоқтату!

Маңызды! Пластик бұл тек экологиялық мәселе емес, енді бұл адам денсаулығына төнген тікелей қауіп. Оны өмірден толық алып тастау мүмкін емес, бірақ оның зиянын критикалық тұрғыдан азайтуға болады!