Басты бетБауырдың майлануы: белгісіз басталатын дертті ерте анықтау неге маңызды?

Бауырдың майлануы: белгісіз басталатын дертті ерте анықтау неге маңызды?

Бауырдың майлануы: белгісіз басталатын дертті ерте анықтау неге маңызды?

Бауырдың майлануы – соңғы жылдары жиі кездесетін, бірақ көп жағдайда еш белгі бермей дамитын дерт. Сондықтан көптеген адам бұл ауруға шалдыққанын профилактикалық тексеру кезінде, іш қуысы ағзаларына жасалған ультрадыбыстық зерттеу немесе биохимиялық қан талдауы барысында ғана біледі. ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы Көпбейінді стационарының басшысы Алтынай Кабишеваның айтуынша, бауырдың майлануы тек бауырдың ғана емес, ағзадағы зат алмасудың бұзылғанын көрсететін маңызды белгі. «Бауырдың майлануының ең үлкен қаупі – оның ұзақ уақыт бойы еш белгі бермей дамуы. Ауру дер кезінде анықталмаса, фиброзға, циррозға, тіпті бауыр обырына дейін алып келуі мүмкін», – дейді дәрігер.

ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының Көпбейінді стационарында бауырдың майлануын анықтау кешенді түрде жүргізіледі. Алдымен науқасты гастроэнтеролог қарап, өмір салты мен қауіп факторларын, қатар жүретін ауруларын бағалайды. Кейін зертханалық талдаулар арқылы бауырдың қызметі, май мен көмірсу алмасуының көрсеткіштері тексеріліп, басқа бауыр аурулары жоққа шығарылады. Қажет болған жағдайда ультрадыбыстық зерттеу, компьютерлік немесе магниттік-резонанстық томография жасалады. Гепатология бағытын дамыту аясында мамандар эндокринологтармен, кардиологтармен және емдік тамақтану саласының дәрігерлерімен бірлесіп жұмыс істейді. Мұндай кешенді тәсіл аурудың сатысын анықтап, бауыр фиброзының даму қаупін бағалауға және әр пациентке жеке емдеу жоспарын жасауға мүмкіндік береді.

Дәрігердің айтуынша, бауырдың өзін қалпына келтіру қабілеті жоғары. Егер ауру ерте анықталып, қауіп факторлары дер кезінде жойылса, бауырдың құрылымы мен қызметін толық дерлік қалпына келтіруге болады. Ол үшін артық салмақтан арылып, дұрыс тамақтанып, тұрақты дене белсенділігін сақтап, қатар жүретін ауруларды бақылауда ұстау маңызды. «Бауырдың өзін қалпына келтіретін ерекше қабілеті бар. Ең бастысы – оның саулығына дер кезінде көңіл бөліп, уақытылы ем қабылдау», – деп түйіндеді Алтынай Кабишева.