ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасында Дәрі-дәрмекті дұрыс пайдаланудың халықаралық күніне орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аурухананың бас терапевті, медицина ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Роза Бәкенова мен бас невропатолог, медицина ғылымдарының докторы, профессор Алма Жүсіпованың модераторлығымен өткен басқосу түрлі бейіндегі дәрігерлерді біріктіріп, дәрі-дәрмекті қауіпсіз әрі тиімді қолданудың заманауи тәсілдерін талқылауға арналды.
Конференцияны Клиникалық-фармакологиялық бөлімше меңгерушісі Алтын Нурпеисова «Ауруханада дәрі-дәрмекті дұрыс пайдалану тәжірибесі» тақырыбындағы баяндамасымен ашты. Конференция барысында мамандар дәрі-дәрмекті дұрыс қолданудың заманауи қағидалары, биологиялық белсенді қоспаларды пайдалану, дәрілік заттардың әсерінен болатын бауыр зақымданулары және клиникалық жағдайлар негізінде қарастырылған дәрілік терапия кезінде сирек кездесетін кері әсерлер туралы баяндамалар жасады.
Бағдарламаның жалғасында пациенттерге арналған ақпараттық-танымдық бейнематериалдар таныстырылды. Онда мамандар дәрі-дәрмекті қауіпсіз қолдануға қатысты ең өзекті сауалдарға «сұрақ – жауап» форматында қарапайым әрі түсінікті тілмен жауап берді.
Шара баяндамашылар, модераторлар және қатысушылардың кәсіби пікір алмасуымен аяқталды.
Конференция кәсіби диалог пен тәжірибе алмасу алаңына айналып, мамандардың бірлескен жұмысының дәрі-дәрмекті дұрыс қолдану мәдениетін дамытудағы және медициналық көмектің сапасын арттырудағы маңызын тағы бір мәрте айқындады.