Түркістан қаласында 2026 жылдың 22-23 мамыр күндері өткен «Білімге инвестиция – мейіргер ісінің тұрақты дамуы» атты Қазақстан мейіргерлері мамандарының IV съезіне ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының мамандары қатысты.
Халықаралық деңгейдегі съезде Медициналық орталық ауруханасы атынан терапиялық қызметтің аға мейіргері Айгүл Рахимова мен №6 хирургия бөлімшесінің аға мейіргері Мархаба Ермекбаева баяндама жасады.
Ауқымды кәсіби форумға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, Халықаралық мейіргерлер кеңесінің, Қазақстанның жетекші медициналық жоғары оқу орындары мен салалық ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Түркия, Дания және өзге де елдерден келген сарапшылар қатысты. Съезд барысында мейіргер ісін дамытудың заманауи бағыттары, халықаралық стандарттар, цифрлық технологиялар және денсаулық сақтау саласындағы жаңа білім беру тәсілдері талқыланды.
Мейіргер ісіндегі инновациялар, білім беру және тәжірибелік шешімдерге арналған Innovation, Education & Practice секциясында Мархаба Ермекбаева баяндама жасап, Медициналық орталық ауруханасындағы мейіргер қызметін ұйымдастырудың заманауи тәжірибесімен бөлісті.
Баяндамада мейіргер мамандары жұмысының жаңа тәсілдері, тиімді шешімдер мен медициналық көмектің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар таныстырылды.
Баяндама барысында ауруханада мейіргерлік қызметті ұйымдастырудың заманауи тәсілдері, орта буын медицина қызметкерлерінің жұмысын үйлестіру тәжірибесі және ішкі үдерістердің тиімділігін арттыру жолдары таныстырылды. Сондай-ақ медициналық көмектің сапасы мен пациент қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мейіргерлердің маңызды рөліне назар аударылды.
Сонымен қатар мейіргер мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру, заманауи мейіргерлік стандарттарды енгізу және бөлімшелер арасындағы бірлескен жұмысты дамыту мәселелері қозғалды.
ҚР ПІБ МО ауруханасы мамандарының халықаралық деңгейдегі съезге қатысуы мекеменің мейіргерлік қызметінің кәсіби деңгейі жоғары екенін көрсетті. Сондай-ақ бұл ауруханада заманауи тәжірибелерді енгізуге, үздіксіз дамуға және медициналық көмектің сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінетінін тағы бір мәрте дәлелдеді.