Басты бетЗаманауи ангиография: күрделі операцияларды қауіпсіз әрі дәл жүргізудің жаңа мүмкіндігі

Заманауи ангиография: күрделі операцияларды қауіпсіз әрі дәл жүргізудің жаңа мүмкіндігі

Заманауи ангиография: күрделі операцияларды қауіпсіз әрі дәл жүргізудің жаңа мүмкіндігі Заманауи ангиография: күрделі операцияларды қауіпсіз әрі дәл жүргізудің жаңа мүмкіндігі Заманауи ангиография: күрделі операцияларды қауіпсіз әрі дәл жүргізудің жаңа мүмкіндігі Заманауи ангиография: күрделі операцияларды қауіпсіз әрі дәл жүргізудің жаңа мүмкіндігі

Қазіргі медицинада аз жарақаттайтын, дәлдігі жоғары және әр пациентке жеке тәсілмен ем жүргізу әдістері қарқынды дамып келеді. Қазақстанда мұндай заманауи технологияларды енгізуде ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасы алдыңғы қатарда. Аурухана базасында жаңа үлгідегі ангиографиялық технологиялардың референс-орталығы жұмыс істейді. Орталық Siemens Artis Icono floor заманауи жүйесімен жабдықталған. Бұл құрылғы дәрігерлерге науқас ағзасына түсетін жүктемені азайтып, күрделі операцияларды жоғары дәлдікпен жасауға мүмкіндік береді.

Бүгінде ангиографиялық жүйелер тек диагностика жасауға арналған құрылғы емес, операция кезінде дәрігерге дәл бағыт беретін заманауи технологияға айналды. Дәстүрлі хирургиядағыдай үлкен тілік жасаудың орнына, эндоваскулярлық операциялар тамыр арқылы өте кішкентай тесу әдісімен арнайы катетерлердің көмегі арқылы жүргізіледі.

«Рентгенхирургияның басты артықшылығы – ағзаға аз жарақат түсіруі. Пациентке ашық ота қажет болмайды және наркоз сирек қолданылады. Ал қалпына келу уақыты әлдеқайда жылдам әрі асқыну қаупі төмен», – деп атап өтті ҚР ПІБ МО ауруханасының рентгенхирургия бөлімшесінің меңгерушісі Александр Землянский.

Бұл жүйе өте жылдам жұмыс істейтін заманауи технологияға негізделген. Арнайы рентгенконтрастты зат енгізілгеннен кейін дәрігерлер қан тамырларының жағдайын нақты уақыт режимінде жоғары дәлдікпен көре алады.

«Қарапайым тілмен айтқанда, біз тамырлардың ішкі құрылымын анық көре аламыз. Заманауи ангиографиялық құрылғылар жоғары сапалы кескін көрсетіп, қан айналымын бағалауға және тамырдағы ең кішкентай тарылуларды анықтауға мүмкіндік береді», – деп түсіндіреді Александр Землянский.

Ауруханада орнатылған Siemens Artis Icono floor жүйесі жүрек, ми және шеткі қан тамырларына жасалатын операцияларға арналған заманауи бағдарламалармен жабдықталған. Барлық жүйе бірыңғай цифрлық ортада жұмыс істейді. Орталықтағы маңызды жаңалықтардың бірі – VFFR технологиясының енгізілуі. Бұл әдіс қосымша операциялық араласусыз жүректегі қан айналымын бағалап, тамырдағы өзгерістің қаншалықты қауіпті екенін жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар құрылғы Аурухананың PACS жүйесімен толық байланыстырылған. Соның арқасында операция кезінде ангиография нәтижелерін КТ және МРТ деректерімен бірге қарап, 3D-навигация қолдануға болады. Бұл дәрігерлерге күрделі клиникалық жағдайларда шешімді дәлірек қабылдауға көмектеседі.

«Бүгінде рентгенхирургия мен интервенциялық кардиология қарқынды дамып келеді. Жаңа құралдар мен заманауи бейнелеу жүйелері пайда болып, операцияны дәлірек әрі қауіпсіз жасауға мүмкіндік беретін технологиялар енгізілуде. Қазір біз осыдан 10-15 жыл бұрын өте қауіпті саналған немесе мүлде жасалмаған процедураларды орындай аламыз», – дейді бөлімше меңгерушісі.

Бұл технологиялар әсіресе егде жастағы адамдар мен қатар жүретін ауыр аурулары бар пациенттер үшін маңызды. Себебі мұндай науқастарға дәстүрлі ашық операция жасау үлкен қауіп тудыруы мүмкін.

ҚР ПІБ МО ауруханасы бұл референс-орталықты тек ем жүргізетін заманауи база ретінде ғана емес, ғылыми және білім беру алаңы ретінде де дамытып келеді. Орталық жаңа медициналық технологияларды енгізуге, қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыруға және әлемдік озық тәжірибені кеңінен қолдануға бағытталған. Бұл заманауи технологиялар мен дәрігерлер тәжірибесінің үйлесімі халық денсаулығын жақсартуға, өмір сапасы мен ұзақтығын арттыруға мүмкіндік береді.