


ҚР ПІБ МО ауруханасында «Гастроэнтерология және гепатология» орталығы жұмыс істейді. Мұнда ас қорыту органдарының аурулары, соның ішінде бауыр мен өт жолдарының патологиясын диагностикалау, емдеу және алдын алу жолға қойылған.
Гастроэнтерология және гепатология орталығы асқазан-ішек ауруларымен қатар, бауыр мен өт жолдарының негізгі ауруларын емдеуге бағытталған. Соның ішінде, өңеш аурулары, хеликобактер инфекциясына байланысты сырқаттар: созылмалы гастрит, асқазан мен ұлтабардың ойық жарасы; созылмалы панкреатиттер, ұйқыбездің басқа да аурулары, өт қабының және Одди сфинктерінің дисфункциясы, ішектің қабыну аурулары, әртүрлі себептерден пайда болған созылмалы гепатиттер, бауыр фиброзы мен цирроздар, метаболизм бұзылыстарына байланысты бауырдың майлы аурулары, өт-тас сырқаты және өзге де гастроэнтерологиялық, гепатологиялық ауруларды емдейді.
Сонымен қатар семіздік, токсикалық, вирусты және аутоиммунды гепатиттер, метаболизм бұзылыстарының әсерінен пайда болған бауыр циррозы мен онкологиялық процестерге дейінгі бауыр аурулары да осы орталықта емделеді.
– Бізге науқастың көбі гастритпен, өт жолдарының бұзылыстары кезінде болатын шағымдарымен келеді. Көп жағдайда асқазанның шырышты қабатында өмір сүретін хеликобактер (Helicobacter pylori) инфекциясы анықталып жатады. Ол адамға назар аудартатындай белгі бермеуі мүмкін, бірақ уақыт өте келе асқазанды зақымдап қана қоймай, ағзаға басқа да қауіп төндіре бастайды. Бұл инфекция анықталған соң міндетті түрде антибактариалды ем тағайындаймыз, – дейді орталық меңгерушісі Бақытжан Биімбетов.
Жыл басынан бері Орталықта 758 науқас ем алып, 7 мыңға жуық пациент орталықтың консультациясына жүгінген.
Орталық мультидисциплинарлық құрамнан тұратындықтан, науқасқа аурухананың консультациялық-диагностикалық, эндоскопия және ультрадыбыстық диагностика бөлімшелері, клиникалық-диагностикалық зертхана, сонымен қатар диетолог, эндокринолог, кардиолог, дерматолог, гематолог, невропатолог, психотерапевт, онколог, хирург, морфолог сияқты дәрігерлермен ортақ мәмілеге келе отырып көмек көрсетіледі. Асқазан-ішек, бауыр ауруларын мультидисциплинарлы орталықта емдеудің арқасында оңды нәтижеге қол жеткізуге болады. Орталық тек диагностика мен емдеу шараларымен ғана емес, сонымен қатар ғылыми, оқыту және санитарлық ағарту жұмыстарымен де шұғылданады.