Басты бетҚР ПІБ Медорталық ауруханасы: 2024 жылғы жетістік мен серпіліс

ҚР ПІБ Медорталық ауруханасы: 2024 жылғы жетістік мен серпіліс

ҚР ПІБ Медорталық ауруханасы: 2024 жылғы жетістік мен серпіліс

ҚР ПІБ Медициналық Орталығы ауруханасы 2024 жылы халық игілігі үшін қызмет етіп, бірнеше маңызды жетістікке қол жеткізді. Аурухана дәрігерлері инновациялық технологияларды қолдана отырып, күн сайын адам өміріне араша болады. Олар заман көшінен қалмай білімін жетілдіріп, науқастарға ең сапалы, ең тиімді емдеу тәсілдерін ұсынуға тырысады. Біз бүгінгі материалда ҚР ПІБ МО ауруханасының 12 ай ішінде жеткен ТОП-5 жетістігін назарларыңызға ұсынамыз.

  1. Биыл Аурухананың жоғары санатты дәрігерлері «ҚР ПІБ Медициналық орталығы күндері» акциясы аясында Қазақстанның 7 өңіріне барып, көшпелі медициналық қызмет көрсетті. Атап айтсақ, жыл басынан бері Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Абай, Жетісу облыстарында 112 күрделі операцияны сәтті жасап, мыңнан астам тұрғынды қабылдап, тегін дәрігерлік кеңес берді. Сонымен қатар білікті мамандар өңірдегі дәрігерлерге дәріс оқып, шеберлік сағаттарын ұйымдастырды.
  2. Аурухананың Ядролық медицина орталығы қызметін жаңа дейгейге көтерді. 12 ай ішінде орталықта 11 672 ПЭТ-КТ және 411 БФЭКТ/КТ зерттеуі жасалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40% артық. Биыл Қазақстанда алғашқы болып ПЭТ және КТ зерттеулеріне арналған 3 радиофармпрепарат енгізілді. 18F-FLT – сүт безі қатерлі ісігі, өкпе рагі, меланома және лимфопролиферативтік ауруларды ерте диагностикалауға арналса, 18F-FET – мидағы ісікті анықтайды. Ал 68Ga-FAPI радиофармпрепараты асқазан-ішек жолдарындағы, өкпе, бауырда пайда болып келе жатқан қатерлі өскінді ерте кезеңде анықтауға арналған. Сонымен қатар Қазақстанда алғаш рет сүйек метастазын емдеуге арналған «Самарий, 153sm-Оксабифор» жаңа радиоизотопы енгізілді.
  3. Ауруханада Медициналық туризмді дамыту мақсатында шетелдік пациенттер үшін «Health is Here» бағдарламасы жолға қойылған. Бағдарлама аясында шетелдік пациенттер Ауруханаға өтініш тастап, сала мамандарынан кеңес алып, емін жоспарлай алады. Сонымен қатар емдеу басталғаннан еліне оралғанға дейін науқасқа қолдау көрсетіледі. Бағдарлама арқасында ҚР ПІБ МО ауруханасы биыл 850 шетелдік туриске медициналық көмек көрсетті. Олардың қатарында Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан сынды ТМД елдерімен қатар, АҚШ, Қытай, Түркия, Германия, Англия, Польша, Канада сынды алыс шетелден келген науқастар да бар.
  4. Дербестендірілген геномдық диагностика орталығы Қазақстанда алғашқы болып Даун синдромын жүктіліктің 10-аптасынан бастап 99% дәлдікпен анықтауға болатын тест енгізді. Британиялық Yourgene Health компаниясы шығарған пренаталдық тест ананың қан үлгісі арқылы ұрыққа дәл және қауіпсіз зерттеу жасауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсілдің арқасында хромосомалық ауытқушылықтары бар балалардың өмірге келуі 15–20% азайып, нәресте өлімі, олардың мүгедек болып туу қаупі, сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеме де төмендейді.  
  5. 2024 жылы ҚР ПІБ МО ауруханасының ұйымдастыруымен бірқатар ауқымды іс-шаралар, конференция, конгресс пен семинарлар өтті. Әлемнің алдыңғы қатарлы хирургтері жиналған «Заманауи хирургиядағы жоғары технологиялар» халықаралық ғылыми-практикалық форумына 2 мың адам қатысып, онлайн трансляцияға қосылғандар саны 4 мыңға жуықтады. Конференцияға АҚШ, Қытай, Словения, Кувейт, Германия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қазақстанның жетекші мамандары жиналды, ҚР ПІБ МО ауруханасы, Үндістан мен Түркия ауруханаларының операциялық залдарында тікелей эфирде 6 адамға күрделі ота жасалды.

Аурухана ұйымдастыруымен өткен «Медицинадағы сапа мен инновацияның әлемдік стандарттары: Қауіпсіздікке назар аудару» конгресіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 600-ден астам терапевт қатысып, тікелей трансляцияны 2500-ден астам адам тамашалады. Конгресс шеңберінде инфекциялардың алдын алу, бақылау және емдеу, сондай-ақ ауруханаларда инфекциялық бақылау қызметін ұйымдастыру мәселелері сөз болды. Іс-шарада иондаушы сәулемен жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің және пациенттердің радиациялық қауіпсіздігі мәселелері де қаралды.

ҚР ПІБ Медорталығы ауруханасы халыққа сапалы медициналық көмек көрсету, жаңа технологияларды меңгеру және дәрігерлердің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында Аурухана өз мамандарын тұрақты түрде оқытып, оларды халықаралық конференциялар мен семинарларға жіберіп отырады. Сонымен қатар Аурухананың инфрақұрылымы жыл сайын жетілдіріліп, жаңа бөлімшелер ашылып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Осы тұста айта кету керек, ҚР ПІБ МО ауруханасы кезекті рет ұлттық аккредиттеудің жоғары санатына ие болды. Аурухана жоғары санатты иелене отырып медициналық қызмет, инновациялық тәсіл мен ұжымның кәсібилігі жоғары дәрежеде екенін тағы бір мәрте дәлелдеп тұр.

ҚР ПІБ МО ауруханасы ғылым, білім мен клиниканы ұштастыра отырып Қазақстандағы заманауи медицина эталоны болып қала бермек.