Басты бетАстанада Респираторлық медицинаның III Ұлттық Конгресі өтті

Астанада Респираторлық медицинаның III Ұлттық Конгресі өтті

Астанада Респираторлық медицинаның III Ұлттық Конгресі өтті

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен, ҚР ПІБ МО ауруханасы, Ұлттық ғылыми медициналық орталық, Астана медицина университеті және Ұлттық Респираторлық медицина қоғамының ұйымдастыруымен Тыныс алу медицинасының дәстүрлі III Ұлттық Конгресі өтті.

Конгрестің басты мақсаты – отандық және шетелдік жетекші мамандардың білімін бір алаңға жинау, респираторлық медицинадағы өзекті мәселелерді шешу үшін халықаралық байланысты нығайту.

Іс-шараға 500-ге жуық адам қатысып, 4 мың адам офлайн форматта тамашалады. Конгресс аясында 22 симпозиум ұйымдастырылып, оған Сингапур, Мажарстан, БАӘ, Қытай, Өзбекстан, Беларусь, Ресей, Польша сынды елдердің мамандары қатысты, 34 баяндама оқылды. Оның ішінде ҚР ПІБ МО ауруханасы спикерлері 9 баяндама жасап, шеберлік сыныптарын өткізгенін атап өткен жөн.

Сондай-ақ Конгресс барысында жас ғалымдар байқауы ұйымдастырылып, болашағынан үміт күттіретін үздіктер анықталды.

2024 жылғы Конгресс ел үшін айтулы оқиға болды. Себебі Қазақстанның респираторлық медицина тарихында алғаш рет Конгресске Еуропалық Респираторлық қоғам (ERS) президенті Joanna Chorostowska-Wynimcо қатысты. Бұл елдегі тыныс алу медицинасы жоғары деңгейде дамып келе жатқанының айқын көрінісі деуге болады.

Конгресс аяқталар күні ERS Президенті халықаралық стандарттарға, оның ішінде JCI талаптарына сай келетін елдегі жетекші мекеме – ҚР ПІБ Медорталығы ауруханасына келіп, Респираторлық медицина орталығы, клинико-фармакологиялық бөлім, функционалдық диагностика бөлімшесі, күндізгі стационар жұмысымен танысып, Аурухана басшылығымен және қызметкерлерімен кездесті.

Конгресс аясында ҚР ПІБ МО ауруханасы мен Мәскеу қаласындағы Сеченов университеті арасында серіктестік туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл серіктестерге бірігіп ғылыми-клиникалық жобалар, білім беру бағдарламаларын, конференция, конгресс және симпозиумдар өткізуге мүмкіндік береді.