Кэтрин Рассел мен доктор Тедрос Адханом Гебрейустың мәлімдемесі
Соңғы 10 жылда елдер тек емшек сүтімен емізу көрсеткіштерін арттыруда айтарлықтай жетістіктерге жетті. Дегенмен, бала емізуді, әсіресе жұмыс орнында бала емізуді қорғау және қолдау шаралары арқылы одан да үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болады.
Осы дүниежүзілік бала емізу апталығы аясында ДДҰ мен ЮНИСЕФ бүкіл әлемде бала емізу көрсеткіштерін одан әрі қолдау және жақсарту үшін «Жұмыс орнында бала емізуге жағдай жасайық!» тақырыбында жұмыс орындарында бала емізуді қолдау шараларын ұлғайту қажеттілігіне назар аударады.
Соңғы онжылдықта баланы тек емшек сүтімен емізудің таралуы 10 пайыздық тармаққа өсті және жаһандық деңгейде 48% құрады. Көрсеткіштердің айтарлықтай өсуіне Кот-д'Ивуар, Маршалл аралдары, Филиппин, Сомали және Вьетнам сияқты бір-біріне ұқсамайтын елдер қол жеткізді, олардың тәжірибесі бала емізуді қорғау және қолдау жағдайында нақты прогресске жету мүмкін екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, 2030 жылға белгіленген жаһандық нысаналы 70% көрсеткішке жету үшін әйелдер мен жанұяларға бала емізудің белгіленген режимін жоспарлы түрде сақтауға кедергі келтіретін факторларды жою қажет.
Бұл үшін жұмыс орнында қолайлы жағдай жасау өте маңызды. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, әйелдер жұмысқа оралғаннан кейін бала емізу көрсеткіштері күрт төмендейді, бірақ бұл теріс үрдісті анаға нәрестені жұмыста емізуді жалғастыруға көмектесу арқылы қалпына келтіруге болады.
Жанұяға бағытталған еңбек жағдайы, атап айтқанда, бала күтіміне байланысты ақы төленетін демалыс беру, баланы тамақтандыру үшін үзіліс ұйымдастыру және бала емізуге және емшек сүтін саууға арналаған орынжай бөлу жұмыс істейтін аналарға ғана емес, жұмыс берушілерге де пайдалы. Ол бала күтіміне байланысты жұмыстан қалу жағдайларының жиілігін азайту, жұмысшыларды ұстап қалу көрсеткіштерін жақсарту және жаңа қызметкерлерді тарту мен оқыту шығындарын азайту арқылы экономикалық табыс әкеледі.
Баланы емшек сүтімен емізу – нәресте өмірінің алғашқы сәттерінен бастап өмір сүруін және жетілуін қамтамасыз ететін ең тиімді әдіс. Ол нәрестені кең таралған инфекциялардан қорғайды және оның иммундық жүйесін күшейтеді, баланың өсіп-жетілуі мен оған тән әлеуетті толық қалыптастыру үшін қажетті маңызды қоректік заттармен қамтамасыз етеді. Емшек ембеген нәрестелердің бір жасқа дейін шетінеу ықтималдығы тек емшек сүтін емген сәбилермен салыстырғанда 14 есе жоғары.
Жұмыс орнында бала емізу мүмкіндігін қолдау – ана, нәресте және жұмыс берушінің игілігі, сондықтан ЮНИСЕФ пен ДДҰ үкіметтерді, донорларды, азаматтық қоғамды және жеке секторды келесі міндеттерді орындауға күш салуға шақырады:
- барлық жұмыс істейтін аналарға, соның ішінде бейресми секторда немесе уақытша жұмыс істейтін аналарға бала емізу үшін қолайлы жағдай жасау, бала емізуге тұрақты үзіліс беру және ана жұмысқа оралғаннан кейін бала емізуді жалғастыруға мүмкіндік беретін орынжай жабдықтау;
- барлық жұмыс істейтін ата-аналар мен бала қамқоршыларына кішкентай балаларға күтім жасау үшін ақы төленетін демалыс беру. Мұндай ақы төленетін демалыс жүктілік және босану бойынша ең кемі 18 аптаны қамтуы тиіс, босанғаннан кейін алты айлық немесе одан көп айлық мерзімді қамтитын ақы төленетін демалыс берілгені жөн;
- мемлекеттік және жеке секторларда жұмыс орнында бала емізетін әйелдерге қолдау көрсету мүддесінде ұлттық саясат пен нормативтік сипаттағы бағдарламаны қоса алғанда, барлық жағдайларда бала емізуді қолдау жөніндегі саясат пен бағдарламаларды іске асыруға бағытталатын ресурстар көлемін ұлғайту.
Дереккөз: ДДҰ сайты