Басты бетБАЛАЛАРДАҒЫ СЕМІЗДІК МӘСЕЛЕСІ, СЕБЕПТЕРІ МЕН ШЕШІМДЕРІ

БАЛАЛАРДАҒЫ СЕМІЗДІК МӘСЕЛЕСІ, СЕБЕПТЕРІ МЕН ШЕШІМДЕРІ

БАЛАЛАРДАҒЫ СЕМІЗДІК МӘСЕЛЕСІ, СЕБЕПТЕРІ МЕН ШЕШІМДЕРІ БАЛАЛАРДАҒЫ СЕМІЗДІК МӘСЕЛЕСІ, СЕБЕПТЕРІ МЕН ШЕШІМДЕРІ

АЛДЫМЕН АЗҒАНА СТАТИСТИКАДАН БАСТАЙЫҚ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының дерегі бойынша ДДСҰ-ның Еуропалық өңірінде, оған Қазақстан да кіреді, кәмелетке толмағандардың 29%-ы артық салмақты немесе семіздікке шалдыққан.

ҚР ДСМ ҰҚДСО деректеріне сүйенсек, соңғы зерттеулер (2020 ж.) нәтижесіне сәйкес Қазақстандағы балалардың 20,6 %-да артық салмақ пен семіздік анықталған. Сонымен қатар бұл мәселенің ұлдар арасында таралуы қыздарға (17,6%) қарағанда жоғары болды (23,6%). Ауылдық жерлердегі балалармен (17,5%) салыстырғанда қалада тұратын балалар арасында артық салмақты немесе семіздікке шалдыққандары (23,1%) анағұрлым көп болғаны байқалды. Бұл артық тамақтанумен бірге, аз қозғалысты өмір салты артық салмақ пен семіздіктің себептерінің бірі болып табылатынын көрсетеді.

СЕБЕПТЕРІ ТУРАЛЫ

Сарапшылардың есептеуі бойынша 98% жағдайда семіздіктің себебі дұрыс емес өмір салтында, төмен физикалық белсенділікте және дұрыс тамақтанбауда/артық тамақтануда жатыр. Қалған 2% зат алмасу бұзылуларына, эндокриндік патологияға, белгілі бір дәрілерді ұзақ уақыт қабылдауға (гормондық препараттар, антидепрессанттар) және тұқым қуалайтын факторға байланысты.

Бұл проблемада интернет пен гаджеттердің рөлін асыра бағалау қиын. Балалар компьютер, теледидар алдында, қолдарында смартфондармен ұзақ уақыт қимылсыз отырумен қатар, зиянды өнімдердің агрессивті жарнамасына да ұшырайды.

Белгілі болғандай, балалар мен жасөспірімдерге фаст-фуд, кондитерлік өнімдер мен тәтті газдалған сусындардың коммерциялық жарнамалары қатты әсер етеді. Қайта өңделген жоғары калориялы тағамдардың бұл санаты құрамында қант, тұз және май көп, сонымен қатар биологиялық құндылығы өте төмен, өйткені өңдеу барысында олар баланың денесінің қалыпты өсуі мен дамуы үшін өте қажет дәрумендер, тағамдық талшықтар мен басқа да пайдалы биологиялық белсенді заттардан айырылады.

Артық салмақ қосудың негізгі себебі – қарапайым, яғни жылдам көмірсулар мен майлардың (нан-тоқаш өнімдері, тәттілер, десерттер, тәтті газдалған сусындар, фаст-фуд, қуырылған тағамдар) басым болуынан, рационның калориялық мөлшері дененің энергия қажеттілігінен асып түседі, яғни энергетикалық теңгерімсіздік.

САЛДАРЫ ТУРАЛЫ

Артық салмақ пен семіздік денсаулықтың елеусіз проблемаларынан бастап күрделі проблемаларына әкелуі мүмкін:

  • асқазан-ішек жолдарының аурулары (іш қату, диарея, гастрит, холецистит, панкреатит және т.б.);
  • жүрек-қантамыр жүйесі жұмысындағы бұзылыстар;
  • 2 типті қантты диабет;
  • жыныстық дамудың бұзылуы;
  • эндокриндік және метаболизмдік бұзылыстар;
  • тірек-қимыл аппаратындағы бұзылыстар (артроз және т.б.)
  • психологиялық бұзылулар (өзін-өзі бағалау проблемасы, комплекстердің дамуы, сыныптастарының мазақ етуі...)
  • ұйқы апноэсі, булимия және т.б.;

АЛДЫН АЛУ

Ата-ананың міндеті – бала үшін ерте жастан бастап дұрыс тамақтану мен физикалық белсенділік тәртібін ұйымдастыру.

1. Балаларыңызда дұрыс тамақтану әдетін қалыптастырыңыз!

  • тұтынылатын қант мөлшерін азайту арқылы рационның калориясын шектеу (тәтті, кондитерлік өнімдер, газдалған тәтті сусындарды тұтынбау, бала кезінен су ішуге үйрету);
  • фаст-фуд, шұжық, шұжықша, консервілерді шектеу;
  • рационға майсыз ет, балық, табиғи сүт өнімдерін қосу;
  • жемістер мен көкөністер, бұршақтар, тұтас дәнді және жаңғақтарды көбірек тұтыну.

Маңызды!

  • жемістер, көкөністер мен су әрдайым балалардың көз алдында болуы керек!
  • теледидар, компьютер, смартфон немесе басқа гаджеттердің алдында тамақ ішуге рұқсат бермеу керек!
  • тағам мөлшерін азайту қажет (кішірек табақшаларды пайдалану).

2. Жастайынан баланың қимыл-қозғалысқа деген сүйіспеншілігін оятыңыз.

  • Үлкен салмақпен (4кг>) туылған балалар толықтыққа бейім болады;
  • Нәрестелермен дене шынықтыру, гимнастика жасап, бассейнге баруға болады (бассейнге 2-3 айдан бастап баруға болады);
  • Мүмкіндігінше таза ауада көбірек серуендеңіз;
  • Балалармен бірге таза ауада ойындар ойнаңыз;
  • Баланы мектепке дейінгі жастан бастап спорт секциясына (балаға ұнайтын спорт түріне) беріңіз;
  • Күнделікті дене белсенділігінің уақыты кемінде бір сағат болуы керек;
  • Мектеп жұмысынан тыс кезінде экран алдындағы (компьютер, теледидар және мобильді құрылғылар) уақытты күніне екі сағаттан аспайтын етіп шектеңіз;
  • Балалардың ұйқы режимін қатаң сақтаңыз! Артық салмақ балалар мен ересектерде ұйқының жеткіліксіздігімен байланысты екендігі дәлелденген. Орташа алғанда, балалар кем дегенде 9 сағат ұйықтауы керек.

ЕСІҢІЗДЕ БОЛСЫН!

Ата-аналар өз балаларына салауатты өмір салтын ұстанудың үлгісі болуы керек! Бүкіл отбасы үшін салауатты өмір салтын ұйымдастыра отырып, өзіңіздің және балаларыңыздың денсаулығында проблема пайда болуының алдын аласыз.