ДДҰ шешімімен 1993 жылдан бері Дүниежүзілік бронх демікпесімен күрес күні жыл сайын мамырдың бірінші сейсенбісінде аталып өтеді.
Бұл іс-шараның мақсаты – тұрғындарды бронх демікпесі, оның қауіп факторлары, алдын алу, ауруды ерте кезеңде анықтау жолдары туралы ақпараттандыру, сонымен қатар демікпеге шалдыққан науқастарды дұрыс емдеу және медициналық көмек көрсету сапасын арттыру.
Бронх демікпесі – балалар мен ересектерде кездесетін ең кең таралған жұқпалы емес аурулардың бірі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының мәліметі бойынша, 2019 жылы әлемде 300 миллионнан астам адам демікпеден зардап шекті, оның 40 миллионға жуығы ауыр түрімен ауырды. Дүние жүзінде бұл аурудың салдарынан 461 000 өлім-жітім тіркелді, олардың көпшілігінің алдын алуға болатын еді.
Бронх демікпесі дегеніміз не?
Демікпе – өкпедегі ұсақ тыныс жолдарының қабынуы мен тарылуына байланысты тыныс алудың қайталанатын ұстамаларымен сипатталатын созылмалы ауру.
Демікпе белгілері:
- сырыл
- ентігу
- кеудедегі қысылу сезімі
- құрғақ жөтел
- тыныс және жүрек соғу жиілігі жоғарылайды
Көбінесе ұстамалар түнде, таңертең ерте және физикалық белсенділік кезінде пайда болады.
Демікпе қауіп факторлары:
Ішкі факторлар – генетикалық бейімділік, әйел жынысы, семіздік.
Сыртқы факторлар - вирустық инфекциялар (суық тию), шаң, түтін, соның ішінде темекі түтіні, шөп пен ағаш тозаңы, жануарлардың жүні мен құс қауырсыны, өткір иісті сабын мен әтір, физикалық белсенділік, кейбір дәрі-дәрмектер (аспирин), түтін, шаң және басқа триггерлерге байланысты кәсіптік қызмет.
Бронх демікпесінің алдын алу:
Бастапқы профилактика:
- темекі шегуден бас тарту (оның ішінде пассивті);
- гипоаллергенді косметика қолдану;
- өзінің айналасында қолайлы экологиялық орта құру (мүмкіндігінше);
- үйді таза ұстау;
- ықтимал аллергендермен байланыстарды жою;
- тыныс алу органдарының ауруларын дер кезінде емдеу, эпидемия кезінде – алдын алу шараларын сақтау, вакцина алу.
Екіншілік профилактика: (аурудың асқынулары мен жіті ұстамаларының өршуін болдырмауға бағытталған демікпемен ауыратын пациенттерге арналған профилактика қағидалары).
- организмнің жоғары сезімталдығын төмендету немесе мүлдем жоғалту үшін дәрігер тағайындаған препараттарды міндетті түрде қабылдау керек;
- күнделікті рационнан жоғары аллергенді тағамдарды алып тастау;
- темекі шегуден және алкоголь тұтынудан толық бас тарту;
- синтетикалық (антиаллергенді) жастықтар мен көрпелерді пайдалану;
- үй жануарларынан аулақ болу, тіпті үйде балық ұстаудан бас тартқан дұрыс, өйткені құрғақ тағам жиі аллергия тудырады;
- тұрғынжайды жүйелі түрде тазалау, желдету;
- суық мезгілде жіті респираторлық вирустық инфекцияларды дер кезінде емдеу;
- тыныс алу гимнастикасын және басқа да терапия әдістерін орындау (инемен емдеу, шөппен емдеу);
- емдеуші дәрігер тағайындаған витаминдік кешендерді қабылдау.
Үшіншілік профилактика – реаниматологтарға ұсынылған шаралар, ол аурудың ағымын жалпы жеңілдетуге және аурудың өршуі кезінде өлім-жітімнің алдын алуға бағытталған.
Пациенттер үшін элиминация режимін сақтау маңызды - бұл пациенттің тұншығу тудыратын тітіркендіргіш фактормен байланыста болу мүмкіндігін толығымен жою.
Есіңізде болсын! Білікті медициналық көмекке уақтылы жүгіну демікпенің алдын алу үшін де, емдеу үшін де оң болжам жасау мүмкіндігін арттырады.