Жыл сайын сәуірдің соңғы аптасында 24-30 сәуір аралығында әлемде иммунизация апталығы өтеді. Вакцинация – денсаулық сақтаудың ең үлкен жетістіктерінің бірі. Ол бүкіл әлемде инфекциялармен күресудің ең тиімді, үнемді және қолжетімді құралы ретінде мақұлданды.
2023 жылы Дүниежүзілік иммунизация апталығы «Ауқымды иммунизация!» ұранымен өтеді.
Жыл сайынғы иммунизация апталығының мақсаты халықтың назарын аудару және иммунопрофилактиканың адам денсаулығы мен әл-ауқаты үшін маңызы туралы хабардар ету.
ИММУНИЗАЦИЯ ДЕГЕНІМІЗ НЕ: МӘНІ, МАҚСАТТАРЫ МЕН ҚАҒИДАЛАРЫ
Халықты иммунизациялау дегеніміз не және ол не үшін жасалады?
Иммунизация – адамның жалпы инфекцияларға қарсы иммунитетін нығайту және организмнің жұқпалы агенттердің әсеріне қарсы тұру қабілетін арттыруға бағытталған процесс. Халықты вакцинациялау үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен егу құрамдары қолданылады.
Иммунизацияның мәні иммунитеттің қарсы реакциясын тудыру үшін организмге әлсіреген немесе өлі микробтар түрінде вакцина салу болып табылады. Организм әлсіреген патогендік микрофлорамен бетпе-бет келгенде, белсенді түрде антиденелер бөліне бастайды, олар кейіннен күнделікті өмірде патогендік микробтармен соқтығысқан кезде қорғаныс рөлін атқарады.
Иммунизацияның түрлері:
Белсенді иммунизация иммундық жүйенің реакциясын тудыру үшін тірі, әлсіреген немесе өлі микроорганизмдер түрінде антиген енгізуді білдіреді. Адамның иммунитеті жеткілікті мөлшерде антиденелер бөлгенде, тек 2 аптадан кейін нәтиже болады. Алайда, белсенді иммунизацияның әсері 1 жылдан бірнеше онжылдыққа дейін сақталады.
Пассивті иммунизация – организмге жұқпалы аурулардың кейбір қоздырғыштарына қарсы дайын антиденелерді енгізу. Иммунизацияның бұл түрі бірден әсер етеді, сондықтан оны ауру өршіп кеткен жағдайларда қолдануға болады. Нәтижесі жылдам болуына қарамастан, пассивті иммунизацияның әсері қысқа, 1 аптадан 6 аптаға дейін созылады. Сондықтан ұзақ мерзімді қорғаныс қажет болған жағдайда белсенді иммунизация әдісі қолданылады.
Иммунизациялау қағидалары
Иммунизация – айтарлықтай маңызды іс-шара, оны немқұрайлы өткізуге болмайды, мынадай талаптар сақталуы керек:
1) иммунизация процесінде жас ерекшеліктеріне назар аудару;
2) емшараны дәрігердің қарап-тексеруінен кейін ғана жүргізу;
3) иммунизацияда пайдаланылатын препараттарды сақтау қағидаларын сақтау;
4) вакцинацияға арналған құрамды дайындау қағидаларын сақтау.
Қанша уақыттан кейін организм иммунизацияның әсерінен инфекцияға қарсы тұра алады?
Бұл иммунизацияда препараттың қандай түрі және қандай мақсатта қолданылғанына байланысты. Егер вакцина қолданылған болса, инфекцияға қарсы иммунитет екі аптадан кейін пайда болады және көп жылдар бойы сақталады.
Егер сарысу қолданылған болса, препарат құрамында дайын антиденелер болғандықтан иммунитет бірден пайда болады.
Алайда нәтиже келесі 6 апта ішінде ғана сақталады. Осы кезең аяқталғаннан кейін иммундық жүйе патологиялық микрофлораға қарсы тұру қабілетін жоғалтады.
Қазіргі уақытта Ұлттық профилактикалық екпе күнтізбесі шеңберінде 12 жұқпалы ауруға қарсы иммунизация жүргізіледі: В вирустық гепатиті; туберкулез; көкжөтел; дифтерия; сіреспе; полиомиелит; b типті гемофильді инфекция (ХИБ-инфекция); қызылша; эпидемиялық паротит; қызамық; пневмококкты инфекция; тұмау.
Есіңізде болсын! Вакцинация – инфекциялармен күресудің аса маңызды құралы. Бұл жұқпалы аурулардың жаһандық ауыртпалығын азайтудың негізгі факторы!