ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасында экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл және террористік қатерлер кезіндегі қауіпсіздік шараларына арналған дәріс өтті. Шараға аурухананың 270-ке жуық қызметкері қатысты.
Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарының қызметкері, полиция капитаны Ибрагим Қуатбекұлы аурухана ұжымына экстремизмнің алдын алу, террористік қауіптің деңгейлері және қауіпті жағдайларда әрекет ету тәртібі туралы ақпарат берді.
Дәріс барысында нақты өмірлік мысалдар негізінде күдікті заттар анықталған және террористік қатер туралы хабарлама келіп түскен кездегі іс-қимыл алгоритмдері түсіндірілді. Сонымен қатар қауіп туралы ақпаратты құқық қорғау органдарына дер кезінде жеткізудің маңызы айтылып, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін көзделген қылмыстық жауапкершілікке тоқталды.
Медициналық мекеменің жұмыс ерекшелігі ескеріліп, пациенттерді қауіпсіз эвакуациялау, өздігінен қозғала алмайтын науқастарға көмек көрсету және медицина қызметкерлерінің өзара үйлесімді әрекет ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Дәріс қызметкерлердің қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға, ықтимал қатерлерге дайындық деңгейін арттыруға және төтенше жағдайларда дұрыс әрі жедел шешім қабылдау дағдыларын жетілдіруге бағытталды.