Басты бет › ҰЙҚЫ МЕН МҮСІНІҢІЗГЕ ҚАУІП ТӨНДІРЕТІН ЖАСЫРЫН ЖАУ: КОРТИЗОЛ ТУРАЛЫ ҚЫСҚАША НҰСҚАУЛЫҚ

ҰЙҚЫ МЕН МҮСІНІҢІЗГЕ ҚАУІП ТӨНДІРЕТІН ЖАСЫРЫН ЖАУ: КОРТИЗОЛ ТУРАЛЫ ҚЫСҚАША НҰСҚАУЛЫҚ

Кортизол - негізгі «стресс гормоны». Бүйрек үсті бездері бөліп шығаратын бұл гормон қиын жағдайларда ағзаны жұмылдыруға көмектеседі. Қалыпты жағдайда оның деңгейі таңертең көтеріліп, бізге оянуға септігін тигізеді, ал кешке қарай төмендеп, орнын ұйқы гормоны — мелатонинге береді. Алайда, оның деңгейі тұрақты түрде жоғары күйінде сақталған кезде мәселелер туындайды.

 

Кортизол деңгейінің жоғарылауына әсер ететін негізгі себептер

• Өмір салты және стресс. Созылмалы жүйке күйзелісі, ұйқының үнемі қанбауы, түнгі жұмыс және уақыт белдеулерінің ауысуы гормонның табиғи ырғағын бұзады;

• Тамақтану және стимуляторлар. Кофеиннің, алкогольдің, қарапайым қанттардың шамадан тыс көп болуы және тым қатаң диеталарды ағза қауіп ретінде қабылдап, кортизолдың бөлінуіне түрткі болады;

• Шамадан тыс жүктеме. Толыққанды демалыс пен қалпына келусіз жасалатын тым қарқынды жаттығулар жүйке жүйесіне қосымша салмақ түсіреді;

• Медициналық факторлар. Глюкокортикоидтар тобына жататын препараттарды (преднизолон, дексаметазон, гидрокортизон) ұзақ уақыт қабылдау немесе гипофиз бен бүйрек үсті бездерінің аурулары гормондық тепе-теңдіктің бұзылуына әкелуі мүмкін.

 

Созылмалы жоғары кортизол ағзаға қалай әсер етеді

• Зат алмасу және дене салмағы. Қандағы глюкоза деңгейі көтеріледі, тәттіге құмарлық артады, іш және бет аймағында май белсенді жиналады, сонымен қатар бұлшықет массасы азаяды;

• Ұйқы және психоэмоциялық жағдай. Мазасыздық, ашушаңдық, есте сақтау қабілетінің төмендеуі және ұйқысыздықтың байқалуы мүмкін. Кешкі уақытта шамадан тыс сергектік сезіліп, босаңсу және ұйықтау қиындайды;

• Жүрек және қан тамырлары. Ағзада сұйықтық пен натрийдің іркілуі саладарынан ісіну пайда болып, қан қысымы жоғарлауы мүмкін;

• Иммунитет. Ағзаның қорғаныс қабілеті төмендеп, тіндер баяу жазылады, тері жұқарады, әйелдерде етеккір циклі бұзылуы ықтимал.

 

Гормон деңгейін қалай төмендетуге болады

Егер кортизол деңгейінің жоғарылауы эндокриндік аурулармен байланысты болмаса, өмір салтын түзету арқылы ағзаның қалыпты қызметін қолдауға болады.

• Ұйқы режимін реттеу. Сағат 23:00-ге дейін ұйықтауға жатып, қараңғы әрі салқын бөлмеде 7 - 8 сағат ұйықтаған дұрыс. Экрандардың көк жарығы мелатониннің бөлінуіне кедергі келтірмеуі үшін ұйықтар алдында бір сағат бұрын гаджеттерді алып тастау керек.

• Жүктеме түрін өзгерту. Ауыр физикалық жүктемелердің орнына баяу серуендеуді, жүзуді, созылу жаттығуларын (растяжка) немесе йоганы таңдаңыз. Терең әрі баяу тыныс алу, медитация, таза ауада серуендеу және жылы душ пен массаж жүйке жүйесін босаңсытуға көмектеседі.

• Тамақтану рационын түзету. Тамақтану уақытын өткізіп алмау, жеткілікті мөлшерде таза су ішу және күннің екінші жартысында кофе тұтынуды шектеу маңызды.

Кешке (ұйықтар алдында 1–1,5 сағат бұрын) жүйке жүйесін тыныштандыру үшін құрамында магний, триптофан, калий бар өнімдер пайдалы:

  • Бір стақан айран, қант қосылмағанг табиғи йогурт немесе аз мөлшерде сүзбе;

  • Киви, шие бұлшықеттерді босаңсытып, стресс деңгейін төмендетуге көмектеседі;

  • Бір уыс (15–20 г) асқабақ дәні немесе жаңғақ;

  • Түймедақ, мелисса, жалбыз қосылған шай;

  • Бір қасық жержаңғақ пастасы қосылған балдыркөк (сельдерей) сабағы

(түнде аштық сезімін азайтады).

 

Есіңізде болсын! Кортизол деңгейін бақылауда ұстап, денсаулықты сақтау үшін ұйқы режимін реттеу, теңгерімді тамақтану және ағзаға тұрақты түрде демалып, қалыпқа келуге мүмкіндік беру маңызды.