Пневмония (өкпенің қабынуы) – өкпе тінін зақымдайтын инфекциялық ауру. Оны көбінесе бактериялар мен вирустар тудырады. Ауру дербес сырқат ретінде дамуы немесе кәдімгі суық тию мен тұмаудан кейінгі асқыну ретінде пайда болуы мүмкін.
Негізгі белгілері: қашан дабыл қағу керек?
Пневмонияны ауыр жедел респираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ) шатастыру оңай. Алайда оның өзіне тән белгілері бар. Төмендегі белгілер байқалған жағдайда, міндетті түрде дәрігерге жүгініңіз:
✓ Жоғары дене қызуы: 38°C-тан жоғары көтерілуі және қызу түсіретін дәрілерді қабылдағаннан кейін де төмендемеуі.
✓ Жөтел: бастапқыда құрғақ болып, кейін қақырық бөлінетін жөтелге айналуы (кейде қақырықтың түсі тот түстес немесе жасылдау болуы мүмкін).
✓ Кеуде тұсының ауыруы: терең тыныс алғанда немесе жөтелгенде ауырсынудың күшеюі.
✓ Ентігу: аздаған физикалық жүктеме кезінде немесе тыныштық жағдайында да ауа жетіспеу сезімінің пайда болуы.
✓ Қатты әлсіздік: шамадан тыс тершеңдік (көбінесе түнде) және жалпы әл-қуаттың төмендеуі.
Маңызды: егде жастағы адамдарда пневмония дене қызуының жоғарылауынсыз өтуі мүмкін. Бұл жағдайда сананың шатасуы, қатты әлсіздік және ентігу сияқты белгілер байқалады.
Қандай әрекеттерге мүлдем болмайды?
✓ Өзін-өзі емдеуге болмайды. Пневмония – үй жағдайында таңқурай қосылған шай ішіп қана емдеуге болатын ауру емес.
✓ Дәрігердің тағайындауынсыз антибиотик қабылдауға болмайды. Егер пневмонияны вирус тудырса, антибиотиктер көмектеспейді. Керісінше, ішек микрофлорасына кері әсер етіп, бактериялардың антибиотиктерге төзімділігін арттыруы мүмкін.
✓ Ауруды «аяқтан жүріп» өткізуге болмайды. Дәрігер ұсынған тынығу режимін сақтамау ауыр асқынулардың даму қаупін арттырады.
Диагностика
Пневмонияны анықтау үшін келесі диагностикалық әдістер қолданылады:
1. Аускультация – фонендоскоп арқылы өкпені тыңдау.
2. Кеуде қуысы ағзаларының рентгенографиясы немесе компьютерлік томографиясы (КТ) – зерттеу түрін дәрігер анықтайды.
3. Қан және қақырық талдаулары.
Емдеу - аурудың пайда болу себебіне байланысты.
Бактериялық пневмония антибиотиктермен емделеді, ал вирустық пневмония кезінде вирусқа қарсы препараттар қолданылуы мүмкін. Емдеу тактикасын дәрігер анықтайды. Аурудың жеңіл түрлерінде дәрігердің бақылауымен үй жағдайында емделуге болады, ал ауыр жағдайларда стационарға жатқызу қажет.
Профилактика
Екпе алыңыз: пневмококк инфекциясына қарсы вакцинация және тұмауға қарсы жыл сайынғы екпе – инфекцияның алдын алудың тиімді шаралары.
Суық тиюді уақытылы емдеңіз: қарапайым тұмау мен жөтелді асқындырып алмаңыз.
Иммунитетті нығайтыңыз: қолды үнемі жуу, дұрыс ұйқы, темекі шегуден бас тарту, құнарлы тамақтану және дене белсенділігі инфекция жұқтыру қаупін төмендетеді.
Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!
Ауруды дер кезінде анықтау және дұрыс емдеу тәсілін таңдау денсаулықты сақтауға әрі асқынулардың алдын алуға көмектеседі.