Орал қаласында ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері аяқталды. Екі күн ішінде Медициналық орталық ауруханасының мамандары жергілікті дәрігерлермен бірлесіп, пациенттерге консультация беріп, хирургиялық операциялар жасады. Сондай-ақ медицина мамандарына арналған оқыту іс-шаралары өтіп, тәжірибе алмасу ұйымдастырылды.
Маңызды нәтижелердің бірі – Батыс Қазақстан облысында алғаш рет гибридті қан тамырлары отасының жасалуы. Хирургиялық араласуды Медициналық орталық ауруханасының қан тамырлары хирургі Аблай Сейтқалиев жүргізді.
«Операция екі кезеңнен тұрды. Алдымен қан ағымын қалпына келтіру үшін сол жақ жалпы мықын артериясына стент орнаттық. Содан кейін қанның зақымданған тамыр бөлігін айналып өтуіне мүмкіндік беретін қосымша жол жасап, сан-тізеасты шунттау отасын жүргіздік. Мен үшін операция жасаумен қатар, жергілікті әріптестеріммен практикалық тәжірибе алмасу да маңызды болды», – деді Аблай Сейтқалиев.
Нейрохирург Талғат Ермеков омыртқа артерияларына стент орнату бойынша екі операция жасады. Бұл аз инвазиялы әдіс зақымданған қан тамырларындағы қан ағымын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар гинеколог Гүлбарам Башарова лапароскопиялық әдіспен екі операция жасады.
Консультациялар барысында облыс тұрғындары қан тамырлары хирургтері, нейрохирургтер, гинекологтер, эпилептолог, аритмолог, кардиохирург, ревматолог, эндокринолог және нефролог мамандарынан медициналық көмек алды. Қабылдау нәтижесінде дәрігерлер пациенттерді одан әрі тексеру және емдеу жолдарын анықтады. Атап айтқанда, 19 пациентке Медициналық орталық ауруханасына қаралу үшін консультациялық қорытынды берілді, тағы 13 пациентке кардиохирургиялық бағыт бойынша ауруханаға жату ұсынылды.
Өңірдегі медицина қызметкерлерін оқытуға ерекше көңіл бөлінді. Медициналық орталық ауруханасының дәрігерлері эпилепсия, өкпенің интерстициалды аурулары, гинекология және медицинаның басқа да өзекті бағыттары бойынша дәрістер өткізді.
ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмек алуға, ал жергілікті дәрігерлерге әріптестерінің практикалық тәжірибесін меңгеріп, ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерімен танысуға мүмкіндік берді.