Басты бет › Урологиялық ауруларды заманауи әдістермен емдеу науқастардың тез сауығуына жол ашады

Урологиялық ауруларды заманауи әдістермен емдеу науқастардың тез сауығуына жол ашады

Урологиялық ауруларды заманауи әдістермен емдеу науқастардың тез сауығуына жол ашады

Бүгінде урологияда ашық хирургиялық операциялардан бастап лапароскопиялық және робот көмегімен жасалатын операцияларға дейінгі түрлі әдістер қолданылады. Медициналық технологиялардың дамуы күрделі операцияларды тіндерге барынша аз зақым келтіре отырып жасауға және науқастың оңалу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасында әлемдік тәжірибеде қолданылатын урологиялық операциялардың барлық түрі жасалады.

Урологиядағы ең сұранысқа ие бағыттардың бірі – несеп-тас ауруын хирургиялық жолмен емдеу. Бүйрек пен несепағардағы тастарды алып тастау операциялары барлық хирургиялық араласудың шамамен 70-80% құрайды. Көбіне науқастар бүйрек шаншуы мен бел тұсының ауырсынуына шағымданып келеді.

Бөлімшеде ашық, эндоскопиялық және лапароскопиялық емдеу әдістері қолданылады. Лапароскопиялық операциялар кезінде хирургиялық араласу 3-4 шағын тілік арқылы жасалады. Сонымен қатар бүйрекке, қуықасты безіне, қуыққа және төменгі несеп жолдарына робот көмегімен операциялар жүргізіледі.

Заманауи технологияларды қолдану операциядан кейінгі оңалу кезеңін қысқартып, отадан кейінгі тыртықтардың барынша аз болуына мүмкіндік береді.

Урологиялық ауруларды емдеумен қатар, олардың алдын алу да маңызды. Мамандардың айтуынша, әйелдерге де урологқа тұрақты түрде қаралып тұрған жөн. Өйткені бүйрек пен қуық аурулары әйелдерде де, ерлерде де кездеседі. Ал ер адамдарға 45 жастан кейін жыл сайын профилактикалық тексеруден өтіп, соның ішінде қуықасты безінің жағдайын тексертіп тұру ұсынылады. Бұл ықтимал ауруларды ерте кезеңде анықтап, уақтылы емдеуге мүмкіндік береді.