Басты бет › Өкпе онкологиясының даму себептері мен қауіп факторлары

Өкпе онкологиясының даму себептері мен қауіп факторлары

Өкпе онкологиясының даму себептері мен қауіп факторлары

Өкпе онкологиясы жыл сайын барлық онкологиялық аурулар арасында өлім-жітімнің жиі кездесетін себебі болып табылады және таралуы бойынша екінші орында тұр. 80% -ға жуық жағдайда өкпе обыры бастапқы кезеңде жақсы емделеді және операциядан кейін тұрақты ремиссия пайда болады. Бірақ мәселе мынада, бастапқы кезеңде өкпедегі қатерлі ісіктердің ешқандай белгілері болмайды. Олар тек профилактикалық тексеру кезінде ғана анықталады.

Өкпе онкологиясының дамуының негізгі себептері мен қауіп факторлары:

• Шылым шегу – негізгі фактор, онымен сырқаттанудың 70-95% -ы байланысты және шылым шегушілер үшін онкология қаупі шылым шекпейтіндерге қарағанда 10 есе жоғары.

• Пассивті шылым шегу – ауыруға шалдығу ықтималдығы шылым шекпейтін және түтін жұтпайтын адамдарға қарағанда 20%-ға жоғары; пассивті шылым шегушілер тек ересектер ғана емес, балалар, соның ішінде жаңа туған нәрестелер де болуы мүмкін.

• Кәсіби факторлар – ауруға шалдығу жағдайларының 4%-дан 20%-ға дейінгі бөлігі; асбест, радон немесе оның ыдырау өнімдерін, винилхлорид, хром, мышьяк, мұнай мен көмірді өңдеу өнімдерін, сондай-ақ басқа да кейбір қауіпті химиялық заттарды жұтқан кезде өкпе тіні зақымданады, бұл уақыт өте келе онкологияны тудыруы мүмкін.

• Тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары (ӨСОА (ХОБЛ), пневмофиброз, созылмалы обструктивті бронхит және т.б.) кезінде өкпе тініндегі тыртықтық өзгерістерге байланысты қауіп өте жоғары болады.

• АИТВ (ВИЧ) иммунитеттің төмендеуі және науқастар арасында шылым шегудің өте кең таралуына байланысты өкпе обырының қаупін арттырады.

• Тұқым қуалаушылық – бұл тікелей фактор емес, бірақ ауыр отбасылық анамнезі бар адам ауру қаупінің тікелей факторларының әсеріне көбірек ұшырайды – ауруға шалдығу ықтималдығы екі есе жоғары болады.

Өкпе обырының алдын алу шаралары бастапқы және қайталама алдын алу болып бөлінеді. Өкпе обырының алдын алудың негізгі әдісі – темекі шегуді толықтай доғару және темекі түтінінің әсерінен қорғану.

Біріншілік профилактика – адам ағзасының канцерогендік факторларға ұшырауын жоюға немесе азайтуға бағытталған шараларды қамтиды.

• Темекіден бас тарту және бөлмелердегі, көшедегі ауаның тазалығын бақылау, зиянды өндірістерде қатаң қауіпсіздік техникасын сақтау, қауіпті айтарлықтай төмендететін респираторлар мен қорғаныш маскаларын пайдалану.

• Салауатты өмір салты мен тамақтану рационы тыныс алу жүйесін қоса алғанда, ағзаның қорғанысын нығайтуда маңызды рөл атқарады.

• Бронхы мен өкпеге әсер ететін кез келген созылмалы немесе қабыну ауруларын уақтылы емдеу және тұрақты дене белсенділігі мен таза ауада уақыт өткізу арқылы жалпы иммунитетті арттыру маңызды.

Екіншілік профилактика – ауруды ерте сатысында тоқтатуға бағытталған шаралар. Оларға өкпе обырына шалдығу қаупі жоғары адамдар үшін маңызды скринингтік бағдарламалар кіреді.

Жыл сайынғы скринингтік тексеруден өту мына санаттағы адамдар үшін қажет:

• күніне бір қорапқа дейін темекі шегетін және темекі шегу өтілі 20 жыл немесе одан да көп адамдар;

• тыныс алу жолдарының созылмалы аурулары бар, жасы 55-тен асқан адамдар;

• зиянды өндірісте 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеген қызметкерлер, сондай-ақ экологиялық жағдайы нашар және ауасы қатты ластанған аймақтарда тұратын адамдар.

Үшіншілік профилактика – бұл метастаздардың және онкологияның басқа да түрлерінің пайда болу қаупін төмендету үшін осы ауруға шалдыққандар арасында қайталанудың (рецидивтің) алдын алу.

Қайталанудың алдын алу үшін:

• темекі шегуді және алкоголь ішуді тоқтату;

• иммунитетті нығайту;

• жіті инфекциялардың пайда болуына жол бермеу;

• оңалту кезеңінде емдеуші дәрігердің ұсыныстарын қатаң сақтау қажет.

Маңызды! Тұрақты профилактикалық тексерулер емдеу неғұрлым қолайлы болжам беретін ең ерте кезеңдерде патологиялық өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді.