Басты бет › ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының дәрігерлері Қарағандыда алғаш рет жаңа әдіспен операция...

ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының дәрігерлері Қарағандыда алғаш рет жаңа әдіспен операция жасады

ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының дәрігерлері Қарағандыда алғаш рет жаңа әдіспен операция жасады ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының дәрігерлері Қарағандыда алғаш рет жаңа әдіспен операция жасады

Қарағандыда алғаш рет эндоскопиялық әдіспен стапедопластика операциясы жасалды. Сонымен қатар мұрын қалқасындағы үлкен перфорацияны пластикалық әдіспен жабу операциясы орындалды. Күрделі операцияларды ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының дәрігерлері Медициналық орталық күндері аясында жүргізді.

Эндоскопиялық стапедопластика операциясын аурухананың бас оториноларингологы Талапбек Әженов жасады. Бұл әдіс Қарағандыда бұрын-соңды қолданылмаған. Операция ешқандай асқынусыз өтіп, шамамен 30 минутқа созылды. Қазір науқастың жағдайы жақсы.

Екінші операцияны аурухананың оториноларингология бөлімшесінің меңгерушісі Арман Нағұманов жасады. Дәрігер мұрын қалқасындағы үлкен перфорацияны пластикалық әдіспен жапты. Ақаудың көлемі операцияны күрделендіріп, жоғары дәлдік пен мұқият жұмысты талап етті. Операция екі жарым сағатқа созылды.

Аталған операциялар өңір тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге және заманауи емдеу әдістерін жергілікті жерде енгізуге бағытталған Медициналық орталық күндерінің маңызды нәтижелерінің бірі болды.

«Қарағандыда білікті мамандар жұмыс істейді. Олар эндоскопиялық әдіспен жасалатын операциялардан бөлек, күрделі хирургиялық операцияларды да жиі орындайды. Біз үшін тек күрделі операциялар жасау ғана емес, әріптестермен тәжірибе алмасу, өзара кәсіби байланысты нығайту және өңір тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру да маңызды. Сапар барысында мұрынның қосалқы қуыстары ауруларын КТ және МРТ арқылы рентгенологиялық диагностикалау тақырыбында дәріс оқыдым. Алдағы уақытта әріптестермен ынтымақтастықты жалғастырып, Қарағанды мен Астанада бірлескен өңірлік конференциялар өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Арман Нағұманов.

Қазақстан өңірлеріне дәрігерлердің көшпелі сапарлары жыл соңына дейін жалғасады. Бұл жұмыс мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, өңірлердегі медициналық қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.