Жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары ұзақ уақыт бойы ешқандай белгісіз «үнсіз» дамуы мүмкін. Мұндай жасырын қауіптерді мезгілінде анықтау және тиімді емдеу үшін ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы кешенді әрі заманауи медициналық қызметтер ұсынады. Жоғары санатты кардиолог Ақмарал Молдажанованың айтуынша, Медициналық орталық ауруханасында пациенттің жағдайына қарай жүрек-қантамыр жүйесін кешенді бағалауға мүмкіндік беретін заманауи диагностикалық әдістер қолданылады.
Аурухана қабырғасында жүрек денсаулығын нақты бағалау мақсатында электрокардиография, эхокардиография, ультрадыбыстық допплерография, strain эхокардиография, тәуліктік Холтер мониторингі, артериялық қысымды тәуліктік бақылау және ауқымды зертханалық диагностика жүргізіледі. Сондай-ақ жүректің ишемиялық ауруы мен коронарлық артериялардың жағдайын анықтау үшін коронарография, жүрек МРТ-сы және миокард сцинтиграфиясы сияқты тереңдетілген зерттеу түрлері қарастырылған. Диагностикада тек заманауи аппараттарды қолданумен шектелмей, нәтижелерді пациенттің шағымымен тығыз байланыстыра отырып дұрыс бағалауға басымдық беріледі.
Диагностика қорытындысы бойынша әр пациентке өмір салтын өзгертуден бастап, жеке дәрі-дәрмектік емге дейінгі арнайы терапия таңдалады. Ал коронарлық артериялардың айқын зақымдануы анықталған жағдайда, аурухана тарапынан жоғары технологиялы кардиохирургиялық немесе интервенциялық емдеу әдістері ұсынылады. Бұл ретте артериялық гипертония, ишемия, жүрек жеткіліксіздігі және аритмия сияқты дерттерді емдеудің арнайы клиникалық тактикалары қолданылады.
Сондай-ақ Медициналық орталық ауруханасы ем басталғаннан кейінгі динамикалық бақылау қызметін де толықтай қамтамасыз етеді. Дәрігерлер пациенттің қан қысымын, холестерин деңгейін, жүрек ырғағы мен қызметін үздіксіз бақылап, тағайындалған емнің тиімділігі мен қауіпсіздігін тұрақты түрде бағалап отырады. Мұндай жүйелі медициналық қолдау асқынулардың алдын алуға және науқастардың өмір сүру сапасын сақтауға мүмкіндік береді.