Дүниежүзілік пациенттер қауіпсіздігі күні – 2026
«Өмір бойы қауіпсіз медициналық көмек!» – бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) инфекциялық емес аурулар (ИЕА) кезіндегі медициналық көмектің қауіпсіздігіне арналған науқанының ұраны.
ИЕА-ға жүрек-қантамыр, онкологиялық аурулар, тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары және қант диабеті жатады.
Ұзақ емделу, бірнеше дәрілік препараттарды қабылдау және әртүрлі мамандарға қаралу жағымсыз салдардың қаупін арттыруы мүмкін. Бұл ретте медициналық көмек көрсету кезінде келтірілетін зиян жағдайларының көбінің алдын алуға болады.
ДДҰ науқанының мақсаттарының бірі – пациенттердің емделу кезіндегі ықтимал қауіп-қатерлер туралы хабардарлығын арттыру және олардың емдеу процесінің белсенді қатысушысы болуына көмектесу.
ИЕА бар пациенттерге, олардың жақындарына және қауіп тобындағы адамдарға арналған ұсынымдар
1. Профилактикаға (алдын алуға) мән беріңіз.
• Инфекциялық емес аурулардың қауіп факторларын зерттеңіз.
• Ұсынылған профилактикалық тексерулер мен скринингтерден өтіңіз.
• Профилактикалық іс-шараларға қатысыңыз.
• Алғашқы алаңдататын белгілер пайда болған кезде медициналық көмекке жүгініңіз.
2. Ауруыңыз туралы біліңіз.
Диагноз, қажетті тексерулер, тағайындалған ем және денсаулыққа төнуі мүмкін қауіптер туралы ақпарат жинаңыз. Егер бірдеңе түсініксіз болса, дәрігерге сұрақ қоюдан тартынбаңыз.
3. Дәрі-дәрмекті қауіпсіз қабылдау ережелерін сақтаңыз.
• Препараттарды қатаң түрде дәрігердің тағайындауы бойынша қабылдаңыз.
• Дәрінің атауын, дозасын және қабылдау уақытын нақтылап алыңыз.
• Дәрінің дозасын өз бетіңізше өзгертпеңіз және емді тоқтатпаңыз.
• Дәрі қабылдар алдында қолыңызды жуыңыз және препараттардың жарамдылық мерзімін тексеріңіз.
4. Медицина қызметкерлерінің белсенді серіктесі болыңыз.
• Өз еміңіз туралы шешім қабылдауға қатысыңыз. Дәрігермен ықтимал нұсқаларды талқылаңыз, сұрақтар қойыңыз және өзіңізді мазалайтын жайттарды хабарлаңыз.
• Егер қауіпсіздік қағидаларының бұзылуын байқасаңыз, бұған медицина қызметкерінің назарын аударыңыз.
5. Денсаулығыңыз туралы маңызды ақпаратты сақтаңыз.
• Белгілер (симптомдар), талдау нәтижелері, тағайындалған дәрілер мен дәрігерге бару туралы жазбалар жүргізіңіз. Бұл ақпараттың сапарға шыққанда, медициналық мекемені ауыстырғанда немесе жаңа маманға жүгінгенде болуы өте маңызды.
• Ыңғайлы болу үшін электрондық медициналық жазбаларды, еске салғыштарды және мобильді қосымшаларды пайдалануға болады.
6. Дәрігер ауысқанда және ауруханадан шыққанда мұқият болыңыз.
«Өтпелі» кезеңдер деп аталатын сәттерде қателіктердің пайда болу қаупі артуы мүмкін. Дәрігер ауысқанда немесе басқа медициналық мекемеге ауысқанда мыналарды нақтылаңыз:
• Сізге қандай дәрілер және қандай дозада тағайындалды?
• Қайта қабылдауға қашан келу керек?
• Қандай тексерулерден өту қажет?
• Жағдайыңыз нашарлаған кезде қайда жүгіну керек?
Тексеру нәтижелеріне қызығушылық танытыңыз. Егер олар туралы сізге хабарламаса, бұл барлық көрсеткіштер қалыпты дегенді білдірмейді.
7. Өзіне-өзі көмектесу дағдыларын меңгеріңіз.
• Дәрі-дәрмектерді дұрыс қабылдауды, медициналық бұйымдарды және денсаулықты бақылауға арналған қосымшаларды пайдалануды үйреніңіз.
• Өз көрсеткіштеріңізді біліңіз, қауіпті белгілерді тани біліңіз және медициналық көмекке қашан жүгіну керектігін түсініңіз.
Есіңізде болсын!
Созылмалы аурулар кезіндегі медициналық көмектің қауіпсіздігі – бұл дәрігердің, пациенттің және оның жақындарының бірлескен жұмысы.
Өз ауруыңыз туралы білім, тағайындауларды орындау, тұрақты бақылау және емдеуге белсенді қатысу қауіп-қатерді азайтуға және өмір бойы денсаулықты сақтауға көмектеседі.