Басты бетАнестезиядан реанимацияға дейін: пациент қауіпсіздігі қалай сақталады

Анестезиядан реанимацияға дейін: пациент қауіпсіздігі қалай сақталады

Анестезиядан реанимацияға дейін: пациент қауіпсіздігі қалай сақталады Анестезиядан реанимацияға дейін: пациент қауіпсіздігі қалай сақталады Анестезиядан реанимацияға дейін: пациент қауіпсіздігі қалай сақталады

Кез келген операция кезінде пациенттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде анестезиология мен реанимацияның орны ерекше. Медициналық орталық ауруханасының анестезиология және реанимация бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Бабашев медицина саласында 30 жылға жуық еңбек етіп келеді, оның 11 жылы Медициналық орталық ауруханасымен байланысты.

«Мұнда пациент қауіпсіздігі жай ғана сөз жүзіндегі ұстаным емес, нақты жүйеге негізделген. Ол – күнделікті жұмыс қағидаты. Ауруханадағы барлық үдеріс пен қабылданатын шешім ең алдымен осы қағидаға бағынады», – дейді Бауыржан Бабашев.

Кинодағы қалыптасқан түсініктерге қарамастан, реанимация – айқай-шу мен абыр-сабыр емес. Бұл – әр әрекет нақты алгоритмге негізделген, медициналық команданың үйлесімді жұмысы аса маңызды бөлім. Дәрігерлер пациентпен ауруханаға жатқызылғанға дейін-ақ кездесіп, сұрақтарына жауап беріп, алаңдаушылығын басуға тырысады. Ал операция кезінде қарапайым әңгіме арқылы да қолдау көрсетеді.

Медициналық орталық ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Саят Бикибаев заманауи анестезияның қауіпсіздік деңгейі жоғары екенін атап өтті: «Көп жағдайда адамдар анестезиядан ұшақпен ұшудан қорыққандай қорқады. Алайда анестезия кезінде асқыну қаупі әлдеқайда төмен. Анестезияның өзі адамның өмірін қысқартпайды. Бәрі негізгі аурудың түрі мен ауырлығына байланысты болады».

Ауруханада анестезиология және қарқынды терапия бойынша медициналық көмектің толық спектрі көрсетіледі. Жалпы, аймақтық және аралас анестезия әдістері, ультрадыбыстық навигация, ұйқы тереңдігін бақылау, өкпенің электрлік импеданстық томографиясы және заманауи өкпені жасанды желдету аппараттары қолданылады. Егде жастағы және созылмалы аурулары бар пациенттерге жеке ерекшеліктері ескеріліп, қауіпсіз анестезия бағдарламасы таңдалады. Ал операциядан кейін тез қалпына келуге бағытталған арнайы хаттамалар қолданылады.

Заманауи жабдықтар пациенттің тыныс алуын, тамыр соғысын және қан қысымын үздіксіз бақылауда ұстайды. Дегенмен басты рөл дәрігердің тәжірибесіне тиесілі. Қатаң хаттамалар, командадағы өзара сенім және әрбір жайтқа мән беру ең күрделі жағдайларда да пациент өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Дәрігерлердің айтуынша, денсаулықты сақтаудың және ауыр жағдайлардың алдын алудың тиімді жолдарының бірі – профилактикалық тексерулерден, соның ішінде чек-аптан уақтылы өту.

Медициналық орталық ауруханасында пациент жоғары деңгейдегі медициналық көмекпен қатар, емнің әр кезеңінде шынайы жанашырлық, жылы қарым-қатынас және сенімді медициналық қорғанысқа ие болады.