Басты бетФотодинамикалық терапия орталығы – 10 жылдық даму мен ғылыми жетістіктің белесі

Фотодинамикалық терапия орталығы – 10 жылдық даму мен ғылыми жетістіктің белесі

Фотодинамикалық терапия орталығы – 10 жылдық даму мен ғылыми жетістіктің белесі Фотодинамикалық терапия орталығы – 10 жылдық даму мен ғылыми жетістіктің белесі Фотодинамикалық терапия орталығы – 10 жылдық даму мен ғылыми жетістіктің белесі Фотодинамикалық терапия орталығы – 10 жылдық даму мен ғылыми жетістіктің белесі Фотодинамикалық терапия орталығы – 10 жылдық даму мен ғылыми жетістіктің белесі

ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасында Фотодинамикалық терапия орталығының 10 жылдығына арналған «Фотодинамикалық терапия: болашақты айқындайтын тәжірибе» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға Қазақстан мен шетелдің жетекші мамандары, ғалымдары және тәжірибелі дәрігерлері жиналып, фотодинамикалық терапияның бүгінгі жетістіктерін, оны қолдану тәжірибесін және алдағы даму бағыттарын талқылады.

Он жыл ішінде ауруханадағы Фотодинамикалық терапия орталығы еліміздегі осы саланың жетекші ғылыми-клиникалық орталықтарының біріне айналды. Бүгінде мұнда операция кезінде және эндоскопиялық әдіспен фотодинамикалық терапия жүргізіліп, түрлі ісіктерді емдеуде заманауи лазерлік технологиялар кеңінен қолданылады. Осы уақытқа дейін орталықта 1500-ден астам пациент ем алып, қажетті медициналық көмекке қол жеткізді.

Орталықтың ең маңызды жетістіктерінің бірі – 2018 жылы Қазақстанда алғаш рет операция кезінде фотодинамикалық терапияны қолдануы. Бұл онкологиялық ауруларды кешенді емдеудің жаңа мүмкіндіктерін ашты. Сонымен қатар орталық ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің фотодинамикалық терапия бойынша алғашқы клиникалық хаттамасын әзірлеуге қатысып, кейін оны жаңа ғылыми деректер мен жинақталған тәжірибе негізінде жетілдіруге де өз үлесін қосты.

Фотодинамикалық терапия орталығы ем жүргізумен қатар, ғылымды дамытуға да зор үлес қосып келеді. Он жыл ішінде орталық мамандары 165 ғылыми еңбек жариялады, 115 баяндама жасап, 7 патент пен 21 авторлық куәлікке қол жеткізді. Бұдан бөлек, 5 монография мен 8 әдістемелік құрал жарыққа шықты. Халықаралық конгрестерге қатысу, білім беру жобаларын жүзеге асыру және шетелдік әріптестермен бірлескен ғылыми зерттеулер орталықтың тәжірибесін кеңейтіп, қазақстандық медицинаның әлемдік ғылыми қауымдастықтағы орнын нығайтуға ықпал етуде.

Конференция бағдарламасы фотодинамикалық терапияның қазіргі мүмкіндіктеріне, ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне, жаңа технологияларды енгізуге және салааралық ынтымақтастықты дамытуға арналды. Шара барысында отандық және шетелдік жетекші мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ғылыми жаңалықтар мен емдеу әдісін қолданудың нәтижелерін таныстырды.

Орталықтың қалыптасу және даму тарихында медицина ғылымдарының докторы, профессор Насрулла Шаназаровтың орны ерекше. Ол орталықтың құрылуына бастамашы болып, оның дамуына зор үлес қосты. Профессордың кәсіби көзқарасы мен көп жылғы еңбегінің арқасында ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасында фотодинамикалық терапияның берік негізі қаланды. Орталықтың 10 жылдық мерейтойы профессордың құрметті еңбек демалысына шығуымен тұспа-тұс келді.

Конференция барысында Қазақстан мен шетелден келген әріптестері, шәкірттері және ізбасарлары Насрулла Абдуллаұлына жүрекжарды алғыстарын айтып, оның отандық медицинаның дамуына қосқан елеулі үлесін жоғары бағалады. Аурухана ұжымы да профессорға ұзақ жылғы жемісті еңбегі, өз ісіне деген адалдығы және ел денсаулығын сақтау ісіне қосқан өлшеусіз үлесі үшін шынайы ризашылығын білдірді.

Он жыл ішінде Фотодинамикалық терапия орталығы инновациялық технологияны енгізіп қана қоймай, өз тәжірибесі Қазақстанда және шетелде мойындалған ғылыми-клиникалық орталыққа айналды. Алдағы уақытта да ғылыми ізденістерді жалғастырып, заманауи емдеу тәсілдерін енгізу және халықаралық әріптестікті нығайту арқылы пациенттерге сапалы әрі тиімді медициналық көмек көрсету бағытындағы жұмысын жалғастыра береді.