Адамға «артериялық гипертония», «қант диабеті» диагнозы қойылғанда немесе предиабет, семіздік, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі және басқа да созылмалы аурулар анықталған кезде, оның өмір салты өзгереді. Осындай жағдайда: «енді мұның бәрін қалай басқаруға болады?»- деген заңды сұрақ туындайды.
Созылмалы ауруларды тиімді емдеудің басты құпиясы – өзін-өзі басқару (самоменеджмент). Дәрігер емдеу тактикасын анықтап, қажетті дәрілік препараттарды тағайындайды, бірақ ауруды күн сайын бақылап, басқару – пациенттің өз жауапкершілігі. Ал бұл жолдағы ең тиімді құрал – Өзін-өзі бақылау күнделігі.
Көпшілік күнделік жүргізуді қызықсыз әрі уақытты босқа кетіру деп санайды. Алайда статистикалық деректерге сәйкес, өзін-өзі бақылау күнделігін тұрақты түрде толтыратын пациенттер аурудың асқынуына байланысты ауруханаға 2 есе сирек түседі.
Күнделік жүргізудің негізгі себептері
1. «Ақ халат әсерінен» қорғану. Көптеген адамдарда дәрігердің қабылдауында қобалжу салдарынан артериялық қысым жоғарылайды. Үй жағдайында жүргізілген жазбалар Сіздің қалыпты жағдайдағы нақты көрсеткіштеріңізді көрсетеді.
2. Емнің тиімділігін бағалау. Дәрігер ағзаңыздың тағайындалған дәрілерге қалай әсер ететінін алдын ала нақты болжай алмайды. Күнделік емнің тиімділігін бағалауға және қажет болған жағдайда емдеу сызбасын немесе дәрі дозасын түзетуге мүмкіндік береді.
3. Қауіпсіздік және асқынулардың алдын алу. Күнделіктегі мәліметтерді талдау арқылы Сіз және дәрігеріңіз денсаулық жағдайының нашарлауын қауіпті деңгейге жетпей тұрып байқай аласыздар. Мысалы, созылмалы жүрек жеткіліксіздігінде сұйықтықтың жиналуына байланысты дене салмағының біртіндеп артуын немесе ашқарындағы қандағы глюкоза деңгейінің баяу жоғарылауын ерте анықтауға болады.
Күнделікке нені жазу қажет?
Тіркелетін көрсеткіштер Сіздің диагнозыңызға байланысты болады. Барлық мәліметті жазудың қажеті жоқ. Тек ауруыңызды бақылау үшін маңызды көрсеткіштерді белгілеңіз, мысалы. артериялық гипертония кезінде – күн сайын артериялық қысымды; қант диабеті кезінде – қандағы глюкоза деңгейін; созылмалы жүрек жеткіліксіздігі кезінде – ісінудің белгісі болуы мүмкін дене салмағын бақылауды және т.б.
Күнделікті қалай дұрыс жүргізу керек? Өзін-өзі бақылау күнделігін қарапайым дәптерге, басып шығарылған үлгіге немесе мобильді қосымшаға жүргізуге болады. Ең бастысы – төмендегі қарапайым қағидаларды сақтау:
• Жүйелілік. Жазбаларды күн сайын бір уақытта енгізіңіз. Аптасына бір рет жасалған өлшемдер дәрігерге объективті бағалау жасауға мүмкіндік бермейді.
• Шынайылық. Дәрігерді қуанту үшін көрсеткіштерді өзгертуге немесе жасыруға болмайды. Дәрігерге қалыпты мәннен ауытқыған болса да, нақты көрсеткіштер қажет. Бұл – Сіздің қауіпсіздігіңіз үшін маңызды.
• Жағдайды сипаттау. Сандық көрсеткіштердің жанына міндетті түрде ескертпе жазыңыз: «дәріні қабылдауды ұмытып кеттім», «жұмыста қатты қобалжыдым», «артық тәтті жедім», «басым ауырды» және т.б. Бұл белгілердің өзгерістермен байланысын анықтауға көмектеседі.
• Күнделікті дәрігерге көрсету. Дәрігердің қабылдауына келгенде күнделікті сөмкеде қалдырмай, әңгіме басталған сәтте-ақ дәрігерге ұсыныңыз.
Пациентке кеңес: Дәрігердің қабылдауына барар алдында соңғы 1–2 аптадағы жазбаларыңызды қарап шығыңыз. Көрсеткіштері қалыпты деңгейден айтарлықтай ауытқыған күндерді маркермен белгілеңіз немесе дөңгелектеп көрсетіңіз. Дәрігерге қоятын нақты сұрақтарыңызды алдын ала дайындаңыз.
Өзін-өзі бақылау күнделігі – жай ғана есеп беру құжаты емес. Бұл – Сіздің жеке қауіпсіздік құралыңыз әрі Сіз бен дәрігеріңіздің бір команда болып жұмыс істеуіне көмектесетін сенімді көмекші. Күнделікті бүгіннен бастап жүргізіңіз. Сонда Сіз өз ауруыңызды сенімді басқарып, белсенді әрі сапалы өмір сүре аласыз!