АДС-М — бұл жеңілдетілген вакцина («М» әрпі антигендердің «кіші дозасын» білдіреді). Оны ағза балаларға арналған АКДС вакцинасына қарағанда әлдеқайда жеңіл қабылдайды, бірақ сонымен бірге ол бірден екі өлімге әкелетін қауіпті инфекциядан сенімді қорғайды:
- Дифтерия (күл) — тамақ пен тыныс алу жолдарын зақымдайды. Жүректі, бүйректі және жүйке жүйесін зақымдайтын өте күшті токсин (у) бөледі.
- Сіреспе (столбняк) — жүйке жүйесін зақымдап, бүкіл бұлшықеттердің жан түршігерлік сірісіп тартылуын (судороги) тудырады. Бактерия топырақта өмір сүреді. Оны тілініп кету, тікен кіру, жануарлардың тістеуі немесе саяжай жұмыстары кезіндегі байқалмайтын кішкентай микрожарақаттар арқылы да жұқтыру мүмкін.
Қашан екпе алу керек?
Вакцинациядан кейінгі иммунитет өмір бойы сақталмайды. Қорғаныс тұрақты жұмыс істеуі үшін ревакцинациядан әр 10 жыл сайын (26, 36, 46, 56 жаста және т.с.с.) өтіп тұру қажет.
Егер сіз соңғы рет қашан екпе алғаныңызды білмесеңіз немесе ұмытып қалсаңыз, екпені қазір салуға болады — бұл сіздің қорғанысыңызды жаңартады.
Екпеден кейін не күтуге болады? (Қалыпты реакция)
Ағзаның жауап реакциясынан қорықпаңыз — бұл иммундық жүйенің қоздырғышты тануды белсенді түрде үйреніп жатқанын білдіреді. 1–3 күн ішінде мынадай белгілердің болуы қалыпты жағдай:
- Жергілікті реакциялар: екпе салынған жердің (әдетте иыққа немесе жауырын астына салынады) қызаруы, ісінуі, қатаюы («түйін» пайда болуы) немесе ауырсынуы.
- Жалпы реакциялар: жеңіл әлсіздік, бас ауруы, дене температурасының 37,5–38,0°C-қа дейін көтерілуі.
Не істеу керек:
- Ауырсыну сезімі болғанда немесе температура 38°C-тан жоғары көтерілгенде ыстықты түсіретін дәрі (парацетамол немесе ибупрофен) ішіңіз.
- Екпе орнын сулауға (душқа түсуге) болады, бірақ оны жөкемен (мочалка) ысқыламаңыз, қасымаңыз және моншада/саунада буламаңыз.
Қарсы көрсетілімдер
АДС-М вакцинасының қарсы көрсетілімдері өте аз:
- Осы вакцинаның алдыңғы дозасын салғанда ауыр аллергиялық реакцияның (анафилаксия) болуы.
- Екпе егетін күні жіті аурудың болуы (бұл жағдайда вакцинация 1-2 аптаға кейінге шегеріледі).
- Созылмалы аурулардың асқынуы — толық айыққанға дейін шегеріледі.
Жүктілік: Қарсы көрсетілім болып табылмайды. Егер әйел адам 10 жылдан астам уақыт бойы екпе алмаған болса, жүктіліктің 2–3 триместрінде антиденелерді нәрестеге беру үшін АДС-М екпесін алу өмірлік маңызды болып табылады.
Дәрігерге жүгініңіз: егер дене температурасы 39°C-тан жоғары көтеріліп, дәрімен түспесе; екпе орнындағы ісік немесе қызарудың диаметрі 8 см-ден асып кетсе; бүкіл денеге есекжем (бөртпе) шықса, бет ісінсе немесе тыныс алу қиындаса.
Пайдалы кеңес! Екпе туралы белгіні телефонға суретке түсіріп алыңыз немесе анықтаманы сақтап қойыңыз. Терең жарақаттар, жануарлар тістегенде, күйік шалғанда, үсік тигенде немесе тот басқан заттармен жарақаттанғанда, аурухананың қабылдау бөлімінде екпе туралы міндетті түрде сұрайды. Егер екпеңіз болса, сізге тек АДС-М-нің жеңіл дозасын салады. Егер мәліметтер болмаса — дәрігерлер сіреспеге қарсы сарысу (бөгде ақуыз) енгізуге мәжбүр болады, ал оны ағза әлдеқайда ауыр қабылдайды.
Дифтерия: тұншығу және жүректің тоқтауы!
- Не болады: Бактерия табиғаттағы ең күшті токсиндердің (улардың) бірін бөледі. Ол тамақта тыныс алу жолдарын толығымен жауып тастайтын тығыз сұр қабықшалар түзеді. Адам тұншығады.
- Асқынулары: Токсин қанға сіңіп, жүректі (миокардит), бүйректі және жүйке жүйесін (паралич/сал болу) қайта қалпына келмейтіндей етіп бұзады.
- Өлім-жітім көрсеткіші: Заманауи емдеу әдістерінің өзінде ауырғандардың 10%-ға дейіні көз жұмады.
Сіреспе: жан түршігерлік құрысулар мен сынықтар!
- Не болады: Сіреспе споралары топырақта өмір сүреді және ағзаға кез келген микрожарақат, тіліну немесе тістеу арқылы түседі. Токсин жүйке жүйесін зақымдап, бүкіл бұлшықеттердің тоқтаусыз сіресіп тартылуын (құрысуын) тудырады.
- Сыртқы көрінісі: Дене доға тәрізді жиырылып, жақ сүйектері құрысқандықтан ауызды ашу мүмкін болмай қалады. Құрысулардың күштілігі соншалық — адамның өз сүйектерінің сынуына және бұлшықеттерінің жыртылуына әкеледі. Адамның ес-түсі анық болады және ол төзгісіз тозақтық ауырсынуды сезінеді.
- Өлім-жітім көрсеткіші: Екпе алмаған жағдайда өлім-жітім 30%-дан 80%-ға дейінді құрайды. Өлім тыныс алу бұлшықеттерінің құрысуынан (тұншығудан) немесе жүректің тоқтауынан болады.
Ең басты факт: Бұл ауруларға қарсы антибиотиктер дәрменсіз, өйткені олар бактерияны өлтіргенімен, бөлініп қойған токсинді бейтараптандыра алмайды. Жалғыз қорғаныс — бұл тек АДС-М вакцинасы беретін антитоксиндік иммунитет.