Басты бетСамарий-153: Қатерлі ісік метастаздарымен күресте науқастардың өмір сапасын арттыратын ем

Самарий-153: Қатерлі ісік метастаздарымен күресте науқастардың өмір сапасын арттыратын ем

Самарий-153: Қатерлі ісік метастаздарымен күресте науқастардың өмір сапасын арттыратын ем Самарий-153: Қатерлі ісік метастаздарымен күресте науқастардың өмір сапасын арттыратын ем Самарий-153: Қатерлі ісік метастаздарымен күресте науқастардың өмір сапасын арттыратын ем Самарий-153: Қатерлі ісік метастаздарымен күресте науқастардың өмір сапасын арттыратын ем Самарий-153: Қатерлі ісік метастаздарымен күресте науқастардың өмір сапасын арттыратын ем

Сүйек метастаздарына байланысты туындайтын ауырсыну онкологиялық науқастар үшін ең ауыр сынақтардың бірі. Ол адамның еркін қозғалуына кедергі келтіріп қана қоймай, өмір сапасына да кері әсер етеді. Бүгінде Қазақстанда ауырсыну синдромын жеңілдетуге және науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін заманауи радионуклидтік терапия әдісі қолжетімді.

ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының Ядролық медицина орталығында сүйек метастаздарын емдеуде «Самарий-153 Sm Оксабифор» радиофармацевтикалық препараты пайдаланылады. Ол сүйек тініндегі зақымдану ошақтарына дәл бағытталып әсер етеді. Емнің басты нәтижесі – ауырсынудың азаюы немесе едәуір жеңілдеуі. Бұл көптеген науқасқа күнделікті өмірдегі белсенділігін сақтап, өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бұл әдістің басты артықшылықтарының бірі – оны ісікке қарсы емдеудің басқа тәсілдерімен кешенді түрде қолдануға болатындығы. Ол химиотерапиямен, таргеттік, гормондық және иммундық терапиямен қатар жүргізіледі. Сонымен қатар емдеу науқастарға жеңіл өтеді, ауыр жанама әсерлері сирек кездеседі және ұзақ уақыт оңалтуды қажет етпейді.

ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының Ядролық медицина орталығы бүгінде Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші әрі ең ірі орталықтардың бірі болып табылады. Заманауи технологиялармен жабдықталған орталықта радиофармацевтикалық препараттар өндіріліп қана қоймай, оларды науқастарды дәл диагностикалау мен тиімді емдеу мақсатында қолдану жолға қойылған.

Ядролық медицина орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасованың айтуынша, радиофармацевтика саласының дамуы онкологиялық ауруларды емдеуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.

«2024 жылдың соңында Орталықта сүйек метастаздарын 153Sm Самарий Оксабифор препаратының көмегімен радионуклидтік терапия арқылы емдеу әдісі сәтті енгізілді. Бүгінгі таңда бұл емді 50-ден астам пациент қабылдады. Клиникалық бақылау мен ОФЭКТ/КТ зерттеулерінің нәтижелері оң өзгерістерді көрсетті: ауырсыну синдромының айқындылығы төмендеп, сүйек тініндегі метастаздық ошақтардың көлемі азайғаны байқалады. Бұл емдеу әдісінің тиімділігін, оның қатерлі ісігі бар науқастарды емдеудегі маңызды рөлін және пациенттердің өмір сапасын жақсартуға қосатын үлесін айқын дәлелдейді», – деді Айгүл Сәдуақасова.

Ем нәтижесіндегі оң өзгерістерді пациенттердің өздері де атап өтуде.

«Қазір самарий препаратымен емнің үшінші курсынан өтіп жатырмын. Алғашқы курсқа келгенде тіреуішпен, кейін таяқпен жүрдім, ал үшінші курсқа ешқандай көмекші құралсыз, өз аяғыммен келдім. Менде сүт безінің қатерлі ісігі және сүйек пен омыртқадағы метастаздар бар. Қазақстанда осындай препараттың қолжетімді болғанын естігенде, кейін өкінбес үшін ем қабылдауға шешім қабылдадым. Қазір қатты ауырсынулардың басым бөлігі жоғалды», – дейді пациент.

Бүгінде «Самарий-153 Sm Оксабифор» терапиясы онкологиялық аурудың таралған түрлерімен күресіп жүрген науқастарға қолдау көрсетудің маңызды құралдарының біріне айналып отыр. Ядролық медицина орталығының тәжірибесі заманауи технологиялардың негізгі емнің тиімділігін арттырып қана қоймай, пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартуға да зор үлес қосатынын дәлелдейді.