Басты бетБахтияр Қасымов: Пациент сенімі – заманауи технологиялардан кем емес маңызды құндылық

Бахтияр Қасымов: Пациент сенімі – заманауи технологиялардан кем емес маңызды құндылық

Бахтияр Қасымов: Пациент сенімі – заманауи технологиялардан кем емес маңызды құндылық Бахтияр Қасымов: Пациент сенімі – заманауи технологиялардан кем емес маңызды құндылық Бахтияр Қасымов: Пациент сенімі – заманауи технологиялардан кем емес маңызды құндылық

ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының урология қызметі зәр шығару жүйесінің түрлі аурулары бар пациенттерге медициналық көмек көрсетеді. Урология бөлімшесінің меңгерушісі Бахтияр Қасымовтың айтуынша, мамандар ең жиі кездесетін аурулардың бірі несеп-тас ауруымен жұмыс істейді. Бүйрек пен несепағардағы тастар пациенттердің дәрігерге жүгінуінің негізгі себептерінің бірі болып қала береді және бөлімшеде жасалатын хирургиялық оталардың 70-80% құрайды. Көп жағдайда пациенттер бүйрек шаншуы, бүйрек тұсындағы ауырсыну және айқын жайсыздық белгілерімен келеді.

Бүгінде клиникада хирургиялық емдеудің барлық заманауи тәсілі қолданылады. Ашық оталардан бастап аз инвазиялы эндоскопиялық және лапароскопиялық араласуларға дейінгі әдістер кеңінен пайдаланылады. Перспективалы бағыттардың бірі – роботталған хирургия. Бұл технология бүйрек, қуық және қуықасты безі ауруларын емдеуде қолданылады. Заманауи медициналық шешімдер операциядан кейінгі қалпына келу кезеңін қысқартып, ағзаға түсетін жүктемені азайтуға және ем нәтижесін жақсартуға мүмкіндік береді.

Хирургиялық көмектен бөлек, кең таралған урологиялық ауруларды емдеуге де ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, цистит пен простатит диагноздарымен емханаға жүгінетін пациенттер саны көп. Пациенттерге заманауи диагностика мен емдеу әдістері қолжетімді, ал медициналық көмекті амбулаториялық деңгейде де, стационарда да тәжірибелі мамандар көрсетеді.

Урологтар аурудың алдын алу шараларына ерекше мән береді. Дәрігерлер салқын тиюден сақтануға, белсенді өмір салтын ұстануға, дұрыс тамақтануға және жеткілікті мөлшерде су ішуге кеңес береді. Бахтияр Ғалыұлының айтуынша, күніне 1,5-2 литр су ішу зәр шығару жүйесі ауруларының даму қаупін төмендетуге көмектеседі. Әйелдерге жылына кемінде бір рет урологтың профилактикалық тексеруінен өту ұсынылса, 45 жастан асқан ер азаматтарға қуықасты безін тұрақты тексертіп, қажетті скринингтік зерттеулерден өтіп тұру маңызды.

Салада 15 жылдан астам еңбек еткен Бахтияр Қасымов урология терең білім мен мол тәжірибені ғана емес, пациентпен сенімді қарым-қатынас орната білуді де талап ететініне көз жеткізген. Технологиялық дамуды адамға деген жанашырлықпен ұштастыратын мұндай ұстаным ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының негізгі құндылықтарымен үндеседі.