ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған жарқын мерекелік шара өтті. Аурухананың кәсіподақ комитетінің бастамасымен қызметкерлердің балалары үшін шығармашылыққа толы мазмұнды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды.
Мерекеде «Ғажайыптар әлемі» тақырыбындағы балалар сурет байқауының нәтижелері шығарылып, үздік жұмыстар анықталды. Оған 37 жас суретші қатысып, өздерінің әсем әрі ерекше туындыларын ұсынды. Әрбір сурет бала қиялының шексіздігін, шығармашылық қабілетін және қоршаған әлемдегі сұлулық пен ғажайыпты көре білетін көзқарасын айқын көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша 11 қатысушы жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар ұйымдастырушылар барлық баланың еңбегін ескеріп, әрбір қатысушыға естелік сыйлықтар табыстады.
Марапаттау рәсімінен кейін балаларды көңілді ойын-сауық бағдарламасы күтті. Клоундар балаларға қызықты ойындар мен көңілді би бағдарламасын ұсынып, мерекенің сәнін келтірді. Балалардың шат күлкісі мен қуанышы мерекеге ерекше жылылық сыйлады.
Мұндай шаралар балаларға қуанышты сәттер мен ұмытылмас әсер сыйлап қана қоймай, отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ұжымдағы сыйластық пен ауызбіршілікті нығайтуға ықпал етеді. Сол себепті қызметкерлердің балаларына арналған мерекелік шараларды ұйымдастыру ҚР ПІБ Медициналық орталығында дәстүрге айналған.
Балалық шақ – арманға қанат бітіретін, жаңалықтарға толы әрі ғажайыптарға сенетін ерекше кезең. Сондықтан әрбір бала ересектердің қамқорлығын, қолдауын және мейірімін сезінуі өте маңызды. Балаларымыздың өмірінде қуанышты сәттер көп болып, олардың шат күлкісі әрдайым кез келген мерекенің ең көркем сәніне айнала берсін.