Көп адам үшін эпилепсия – ұстама кез келген уақытта болып қалуы мүмкін деген алаңдаушылықпен өмір сүру. Бірақ бүгінде ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасында бұл дертті заманауи тәсілдермен емдеуге мүмкіндік бар. Мұнда тіпті күрделі жағдайлардың өзінде науқастың қалыпты өмірге оралуына көмектесетін жоғары технологиялық диагностика мен емдеу әдістері қолданылады.
Эпилептология орталығында жоғары дәлдіктегі МРТ, видео-ЭЭГ мониторингі, функционалдық диагностика және нейронавигация секілді заманауи технологиялар пайдаланылады. Соның арқасында дәрігерлер ұстаманың нақты қай жерден пайда болатынын дәл анықтап, тиімді ем жүргізе алады.
Орталықта қолданылатын заманауи әдістердің бірі – Stereo-EEG, яғни стереоэлектроэнцефалография. Бұл әдіс арқылы дәрігерлер арнайы жіңішке электродтардың көмегімен мидың терең бөліктерін зерттеп, ұстаманың нақты қай жерден пайда болатынын дәл анықтай алады. Операциялар роботталған технологиялар мен стереотактикалық жүйелердің көмегімен жасалады. Соның арқасында ем барынша қауіпсіз өтіп, пациенттің тезірек қалыпқа келуіне мүмкіндік береді.
Ауруханада дәрі-дәрмек әсер етпейтін, яғни ұстамалар тоқтамайтын эпилепсия түрлеріне заманауи нейрохирургиялық ем жүргізіледі. Мұнда эпилепсия ошағын алып тастау, мидың самай бөлігіне жасалатын операциялар, кезбе жүйкені ынталандыратын құрылғыны (VNS) орнату, сондай-ақ Stereo-EEG әдісінен кейінгі радиожиілікті емдеу секілді жоғары технологиялық оталар жасалады. Осындай емнің арқасында көптеген пациент қайтадан қалыпты өмірге оралып, оқуын жалғастырып, жұмыс істеп, болашаққа сеніммен қарай бастайды.
«Бүгінде эпилепсияны емдеуге және бақылауда ұстауға мүмкіндік мол. Заманауи емнің арқасында көптеген пациент қайтадан оқып, жұмыс істеп, отбасы құрып, ұстамадан қорықпай қалыпты өмір сүріп жүр», – дейді жоғары санатты нейрохирург дәрігер Талғат Ермеков. Оның айтуынша, Медициналық орталық ауруханасының Эпилептология орталығы әлемдік тәжірибедегі заманауи технологияларды енгізіп, қазақстандықтарға жоғары технологиялық медициналық көмекті қолжетімді ету бағытында жұмысын жалғастырып келеді.