ҚР ПІБ МО ауруханасының ұжымы өзінің ардагер пациенті, медицина саласының ардақты өкілі Әлима Жағфарқызын 100 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
Мерейтой иесіне Аурухана ұжымы атынан ізгі тілектер жолданып, арнайы гүл шоғы табысталды. Осындай әсерлі сәттердің бірінде Әлима Жағфарқызы өз өмірлік ұстанымын тебіреніспен жеткізді: «Жансақтау бөлімінде жатқанымда менен дәрігер «ұзақ өмір сүрудің сыры неде?» деп сұрады. Ойланбастан «мен өз Отаным – Қазақстанмен бірге өстім, бірге қалыптастым. Оның әрбір кезеңін, әрбір қадамын басынан аяғына дейін бірге өткердім» деп жауап бердім», – деді ол.
Әлима Жағфарқызының өмір жолы – тұтас бір дәуірдің көрінісі. Ол еңбек жолын эпидемиолог ретінде бастап, зертханаларда, ауруханаларда және санитариялық-эпидемиологиялық қызметте жұмыс істеді. Кейін клиникалық ординатурадан өтіп, дәрігер-терапевт мамандығын меңгерді.
Алматы қаласында қалалық емханада бас дәрігер қызметін атқарып, медицина саласында 25 жыл еңбек етті. Мыңдаған пациентке медициналық көмек көрсетіп, бірнеше буын дәрігердің кәсіби және адами қалыптасуына үлес қосты. Еңбегі үшін «Алтын жұлдыз» орденімен, Ахмет Ясауи атындағы наградамен және бірқатар медальмен марапатталды. Оның денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі мен өмірлік ұстанымы бүгінгі және болашақ медицина қызметкерлері үшін зор өнеге.
Мерейтойында ол Аурухана қызметкерлеріне батасын берді. ҚР ПІБ МОА ұжымы ғасыр куәгеріне мықты денсаулық, жан тыныштығы және жақындарының қолдауын тіледі.