ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасында Siemens Healthcare GmbH компаниясының заманауи ангиографиялық жүйесі орнатылды.
Жоба ҚР Президенті Іс басқармасы мен Siemens Healthcare GmbH компаниясы арасында 2023 жылы қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылды. Бұл бастама денсаулық сақтау саласында технологиялық әріптестікті дамыту және инновациялық шешімдерді енгізуге бағытталған.
Жаңа үлгідегі ангиографиялық жүйе жүрек, ми және перифериялық тамырларға аз инвазиялы операцияларды жоғары дәлдікпен жүргізуге мүмкіндік береді. Жабдық Аурухананың операциялық инфрақұрылымына толық интеграцияланған және заманауи халықаралық стандарттарға сай келеді.
Мұндай жабдықты пайдалану науқастардағы асқынулардың алдын алуға, сондай-ақ операциядан кейінгі қалпына келу үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді және медициналық көмектің қауіпсіздігі мен тиімділігін арттырады.